Билл Гейтс COVID-19 вакцинасына патентке ие – фейк
COVID-19 пандемиясы басталғалы кейбір Желі пайдаланушылары Microsoft компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтске ақпараттық шабуыл жасауда. Қазір Интернеттің орыс тілді сегментінде оның 2017 жылы COVID-19 вакцинасына патент алғаны жайлы айтуда.
Таратылған хабарламада жазылғандай, 2017 жылы Мелинда мен Билл Гейтс қорының демеушілігімен Пирбрайт институты «коронавирусқа қарсы вакцинаға» патент сатып алған.
Айта кетейік, коронавирустар – бұл вирустар тобы, оның 43 түрі бар. Соның ішінде жетеуі ғана адамға жұғады.
Институттың ресми сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, олардың №10130701 патенті бар. Құжат дельтакоронавирустың әлсіреген түрімен жұмыс істеуге құқық береді, оны құстар мен басқа жануарлардағы тыныс алу ауруларына қарсы вакцина ретінде қолдануға болады. Бұл вирус COVID-19 қоздырғышы емес. Сондай-ақ, сайтта қазіргі кезде институттың адамға әсер ететін коронавирустармен ешқандай зерттеулер жүргізбейтіні жазылған.
Дегенмен, кейбіреулер патенттің болуының өзі вирустың қолдан жасалғандығын дәлелдейді деп санайды, өйткені АҚШ заңдары бойынша табиғи нәрсені патенттеу мүмкін емес. Алайда, 2003 жылға дейін Жоғарғы Сот ДНК-ның жеке сегменттеріне патенттер ресімдеуге рұқсат беріп келген. Қазіргі кезде вакцинаны немесе табиғи компоненттер негізінде жасалған затты патенттей аласыз.
ДДСҰ мәліметтері бойынша, бүгінгі таңда әлемде COVID-19-ға қарсы 44 вакцина клиникалық сынақ сатысында. Тағы 154 үлгі клиникаға дейінгі тексеруден өткізілуде.