Фейк: «Бұрынғы Pfizer менеджері мРНҚ ауруды қалай тудыратыны туралы айтып берді»
Желіде «бұрынғы Pfizer басқарушысы» Майкл Йидон сөз сөйлеп тұрған видео тарады. Оның айтуынша, COVID-19 қарсы вакциналардан алынған мРНҚ молекулалары ішкі органдарда «жиналып», әртүрлі аурулар тудырады. Бұл ғылымға қарсы.
Біріншіден, доктор Майкл Йидон Pfizer компаниясының менеджері болған емес және вакциналармен мүлдем жұмыс істемеген. 2011 жылға дейін ол Кентте Pfizer филиалының аллергиялық және респираторлық зерттеулер бөлімінің вице-президенті қызметін атқарған.
Екіншіден, мРНҚ молекуласы туралы айтатын болсақ, Майкл Йидонның оның не екенін толық түсінбейтіні анық. мРНҚ – бұл матрицалық рибонуклеин қышқылы. Ол ДНҚ негізінде синтезделеді және ақуыздарды өндіруге қатысады, оларды жасау үшін өзіндік «нұсқаулық» іспетті. мРНҚ молекуласы өте нәзік. Жасушалар ағзаға қажетті ақуыздарды синтездегеннен кейін мРНҚ бірден дерлік ыдырайды, өйткені оның қызметі орындалады.
COVID-19-ға қарсы мРНҚ вакциналарын зерттеу барысында вакцинацияланған адамдардың денесіне енген мРНҚ бірнеше күнде толығымен ыдырайтыны анықталды.
Демек, бұл молекула органдарда «жиналып», ауру тудыра алмайды, өйткені ол аз ғана уақыт болады.
Үшіншіден, Майкл Йидон видеода айтқан миокардит жүректе жиналған мРНҚ нәтижесі емес. Миокардит – бұл жүрек бұлшықетінің қабынуы. Сирек жағдайларда ол COVID-19 қарсы вакцинациядан кейін болуы мүмкін. Бұл жағымсыз әсер, Йель университетінің ғалымдарының пікірінше, белсендірілген иммундық жасушалар деңгейінің артуымен байланысты. Вакцинация нәтижесінде COVID-19-ға қарсы иммунитет қалыптасқан кезде цитотоксикалық киллер-жасушалар мен миелоидты жасушалар саны артады, бұл қабынуға әкелуі мүмкін.
Мұның бәрі Майкл Йидонның сөздері ғылыми және статистикалық мәліметтерге қайшы келетінін көрсетеді.
Олай босла, таралған ақпарат – фейк.