Фейк: «Вакцинация болмағанда, әлемде онкологиялық науқастар әлдеқайда аз болар еді»
Telegram чаттарында әртүрлі қатерлі ісіктер мен вакциналар арасындағы байланыс туралы ақпарат тарады. Оған вакцинация болмағанда, әлемде онкологиялық науқастар әлдеқайда аз болар еді деген профессор Александр Полетаевтың видеосы тіркелген. Бұл рас па, тексерейік.
Александр Полетаев – жалпы вакцинацияға, оның ішінде COVID-19 қарсы вакцинацияға наразылық білдірген ресейлік профессор.
Назар аударарлық жайт, Қазнетте таралған видеода Полетаев онкология мен вакциналар арасындағы байланыс туралы айтқаннан кейін екі күн өткен соң қайтыс болды деген жазу бар, бұл профессордың өлімі табиғи емес, оның көзқарасына байланысты болғанын пайымдайды.
Шындығында, бұл олай емес. Бұл видео 2021 жылдың 2 ақпанында вакцинацияға қарсы танымал тұлға Мария Шукшина ұйымдастырған дөңгелек үстел кезінде жазылған.
Александр Полетаев 2021 жылдың 6 наурызында қайтыс болды. Бұл туралы Шукшинаның өзі хабарлады және ол өз хабарламасында пікірлес адамның неден өлгені және оның өлімінің бұрын айтылған сөздермен байланысы бары туралы ештеңе айтпаған.
Вакцинацияға қарсылық білдірген адамдарды әдейі өлтіреді деген сөз тарады. Біріншіден, Ресейде және ТМД елдерінде COVID-19 пандемиясына қарсы вакцинацияға қарсы қозғалыстың символына айналған Мария Шукшинаның өзі әлі тірі. Екіншіден, вакциналар аутизмді тудырады деген көп таралған фейктің авторы Эндрю Уэйкфилд те аман сау.
Вакциналар мен онкологиялық аурулар арасындағы теория мен байланысқа келетін болсақ, бұған ғылыми негіз жоқ. Бұл ақпаратты украин фактчекерлері жоққа шығарған болатын. Олар В гепатитіне қарсы вакциналар мен лейкоздың дамуы арасындағы ықтимал байланыс зерттелген ғылыми зерттеулер дәлел ретінде келтірді. Бақылаулардың ешқайсысы мұндай байланыстың барын көрсеткен жоқ.
Сондай-ақ фактчекерлер 1999 жылы нәрестелер екпесінің жедел лимфобластикалық лейкоздың даму қаупіне әсерін зерттеген зерттеуге сүйенді. Ғылыми жұмыстың авторлары балалық шақта алынған вакцина қорқынышты аурудың даму ықтималдығын арттырмайды деген қорытындыға келді.
Ғалымдардың пікірінше, қатерлі ісік ауруының әлемдік статистиканың өсуіне вакцинация немесе адамзатқа қарсы әлемдік қастандықтың нәтижелері ықпал етіп отырған жоқ. Мұның себебі – өмір сүру ұзақтығының артуы. Адам есейген сайын, оның қатерлі ісікке шалдығу ықтималдығы жоғары болады. 50 жасқа толмаған адамдар арасында қатерлі ісік ауруына шалдығу статистикасының артуына келетін болсақ, ғалымдардың айтуынша, бұған экология мен өмір салты, соның ішінде аз ұйықтау, стресс, алкогольді шамадан тыс тұтыну және темекі шегу себеп.
Сондай-ақ қазіргі заманғы медицина мен диагностикалық әдістер қатерлі ісіктердің көп мөлшерін ерте сатысында анықтауға мүмкіндік береді. Бір жағынан, бұл ауру статистикасының өсуіне әкеледі, екінші жағынан, өмір сүру сапасын жоғалтпай қатерлі ісіктен толық айыққандар санын айтарлықтай арттырады.
Демек, қатерлі ісік ауруы мен балаларды вакцинациялау арасында ешқандай байланыс жоқ. Профессор Полетаевтың көзқарасы мен оның өлімінің арасында да ешқандай байланыс жоқ.