Фейк: «Потепление климата – это выдумка, потому что прогнозы ученых не сбываются»
Фейк: «Климаттың жылынуы - бұл ойдан шығарылған, өйткені ғалымдардың болжамдары орындалмайды»
Әлеуметтік желілерде жаһандық жылыну ойдан шығарылған деген пікір тағы да айтылуда. Ғалымдардың климаттың өзгеруі және су деңгейінің көтерілуі туралы барлық тұжырымдары шындыққа жанаспайды екен. Бұл теорияның дәлелі ретінде жарияланым авторы шетелдік газеттердегі мақалаларды ұсынады. Онда не туралы және неге жазылғанын түсіндірейік.
1989 жылы Assotiated press ірі халықаралық ақпарат және жаңалықтар агенттігінің порталында БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының (ЮНЕП) аймақтық директоры Ноэль Браунмен сұхбатқа негізделген мақала жарияланды. Шенеунік 2000 жылға қарай теңіз деңгейінің көтерілуіне байланысты Жер бетіндегі халықтар жойылады деген екен. Біріншіден, Браун климаттанушы емес, ол заңгер және дипломат. Екіншіден, ол осылай болу ықтимал деп айтқан. Сонымен қатар, Үкімет парниктік эффект мәселесін шешуді қолға алуы үшін 10 жыл деп айтты. Атмосфераның төменгі қабаттарында парниктік газдардың жиналуы салдарынан бүкіл Жер бетіндегі температура көтеріледі. Бұл планетамыздың климаттық аясының жаһандық өзгеруіне әкеледі, сондай-ақ табиғи апаттар, аштық, жануарлардың жойылуы және басқа да экологиялық бұзылулар қаупі төнеді.
Ғалымдар жер бетіндегі температураның өзгеруін болжау үшін арнайы климаттық модельдер жасайды. 2019 жылы «Өткен климаттық модель болжамдарының тиімділігін бағалау» деп аталатын зерттеу жарыққа шықты. 1970-ші жылдардың басынан 2000-шы жылдардың аяғына дейін жарияланған әртүрлі климаттық модельдер жердегі климаттың алдағы өзгерістерін жақсы болжағанын көрсетті. Олардың басым бөлігінде жылыну болған.
Snopes фактчекингтік сайты теңіз деңгейі көтерілгенде елдерге төнетін қаупі қарастырылған Assotiated Press-тегі мақаланы егжей-тегжейлі талдап шығады. Нәтижесінде ЮНЕП құжаттарында бұл жағдайдың 2000 жылы болатынын көрсететін белгі болмағаны анықталды. Яғни, бұл бірнеше ғасырдан кейін де орын алуы ықтимал.
Британдық The Guardian газетінде 19 жыл бұрын жарық көрген тағы бір мақалада су деңгейінің көтерілуіне байланысты еуропалық қалалар жойылады делінген. Ол АҚШ Қорғаныс министрлігінің климаттың күрт өзгеруіне байланысты азық-түлік, энергия және су қорының сарқылуын болжанған құпия есебіне сүйенеді. Неліктен Пентагон Буш әкімшілігін қорқытуға мәжбүр болды? АҚШ-тың қырық үшінші Президенті жаһандық жылынуға белгілі бір саяси себептермен сенбеді немесе сенгісі келмеді. 2007 жылы Джордж Буш ғалымдарды климаттың өзгеруі туралы есептерді бұрмалады деп айыптаған. Климаттанушыларға сол кезде есептерде «климаттың өзгеруі» және «жаһандық жылыну» сөздерін қолдануға тыйым салынғанын айтты.
Ал 2014 жылы норвегиялық жаңалықтар веб-сайты Кембридж университетінің профессоры Питер Уодхамстың мәлімдемесін жариялайды. Ғалым БҰҰ-ның климат туралы есебіне сүйене отырып, Арктика 2020 жылға қарай мұздан босайды деп пайымдайды. Мақаланың тақырыбы осылай жазылды. Бірақ жарияланымның өзінде «2020 жылы жазғы теңіз мұзы жойылады деп күтілуде» делінген. Ғалым Арктика Балтық теңізіне ұқсайтын болады деп емес, мұзды полярлық қақпақ жазда жоғалып кетуі мүмкін деп пайымдаған.
Бүгінгі таңда әлемде климаттың өзгеруі байқалады. Су айналымы күшеюде – бұл бір жерде су тасқынына, басқа жерде құрғақшылыққа әкелуде. Бүкіл планетадағы табиғи апаттар – цунами, өрт, дауыл туралы жиі естіп жүрміз. Мәңгі мұзды аймақтарда мұздықтар еріп, қар жамылғылары жұқаруда. Ғалымдар Жер бетіндегі климаттың өзгеруі адам әрекетімен байланысты деген ортақ пікірде.
Демек, таралған хабарламада аталған БАҚ-тағы ескі жарияланымдар жаһандық жылынудың жоқ екенін дәлелдемейді.