Алаяқтық

Желіде стендап-әзілкеш Нұрлан Сабуровтың атынан ойынхананың фейк жарнамасы таралуда

Facebook-те танымал әзілкеш және киноактер Нұрлан Сабуров Қазақстанда жақында ғана пайда болған және көп ақша табуға мүмкіндік беретін онлайн-ойынхана қосымшасын жарнамалаған видео жарияланды. Бұл фейк.

Ойынхана туралы видеодағы дыбыс жалған. Бұл әдіс танымал адамдардың бейнежазбаларын немесе телебағдарламалардың үзінділерін қолдана отырып, ақша табудың күмәнді немесе алаяқтық тәсілдерді жарнамалау үшін бұрыннан қолданылып келеді. Мысалы, осы жылдың сәуір айында Atameken Business телеарнасының жаңалықтар шығарылымынан алынған үзінді тарады, онда жүргізуші зейнеткерлер мен аз қамтылғандарға арналған арнайы жәрдемақы туралы айтады. Алаяқтардың басты мақсаты пайдаланушыларды фишингтік сайтқа тарту болған.

Бұл жолы Нұрлан Сабуровтың кәсіпкер және блогер Александр Соколовскиймен әңгімесі негізге алынған. Сұхбат 2023 жылдың 3 қазанында шыққан. Стендапер танымал болудың теріс жағы, отбасы туралы айтып, болашаққа жоспарларымен бөлісті. Сабуров екі сағатқа жуық уақытқа созылған сұхбатында онлайн-ойынхана туралы ештеңе айтпайды. Кездесудің жазбасын Александр Соколовскийдің YouTube арнасынан көруге болады.

Нұрлан Сабуровтың атынан ұсынылған онлайн-ойынхананың жарнамасы пайдаланушыларды алдау болып табылады.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button