Дәлелсіз: «Альцгеймер ауруы кене шаққаннан болады»
Желіде тараған видео авторы Альцгеймер ауруы кене шақаннан кейін дамиды деп мәлімдейді. Бұрын бұл жәндіктердің шағуының салдары ауыр болмаған, ал қазір зардап шеккендердің барлығы міндетті түрде ауырады. Роликте айтылған бірқатар тезистерді талдап шығайық.
Роликте Альцгеймер ауруы кененің шағуы арқылы таралатынын дәлелдейтін бірнеше идея айтылды, соңғы жылдары кенелердің түрі өзгеріп, зиянсыздан өмірге қауіп төндіретін жәндіктерге айналған екен.
Алдымен Альцгеймер ауруы, Лайма ауруы дегеніміз не және олардың айырмашылығы неде екенін түсіндірейік. Альцгеймер ауруы – бұл деменцияның бір түрі. Көбінесе ол егде және кәрілік жаста байқалады. Альцгеймер ауруына тән белгілер – есте сақтау қабілетінің жоғалуы, сананың шатасуы, дұрыс ойлау қабілетінің жоғалуы. Бұл аурудың дамуының нақты себептері анықталмаған, бірақ сарапшылардың пайымдауынша, тұқым қуалаушылық пен өмір салты әсер етуі мүмкін.
Лайма ауруы – бұл кене шағуы арқылы таралатын Borrelia burgdorferi бактериясын тудыратын жұқпалы ауру. Оның белгілері – бөртпе, қышу, терінің қызаруы, бұлшықеттің ауруы және шаршау сезімі. Өте сирек жағдайларда Лайма ауруы Альцгеймер ауруымен ұқсауы мүмкін, бірақ қателіктер жібермеу үшін сенімді диагностикалық әдістер бар. Альцгеймер ауруына қарағанда Лайма ауруы сәтті және толық емделеді, соның ішінде антибиотиктермен.
Енді видеодағы негізгі тезистерді талдайық:
1. Қазір 50 жастан асқан әрбір үшінші адамға Альцгеймер диагнозы қойылады.
Бұл статистика дұрыс емес. Сырқаттанушылық бойынша әлемнің барлық елдерінен жиынтық деректер қолжетімсіз, алайда Желіде Альцгеймер қауымдастығының деректері бар. Осы ақпаратқа сәйкес, 65 жастан асқан тоғыз америкалықтың біреуі Альцгеймер ауруымен ауырады. Осындай диагноз қойылған адамдардың 73%-ы 75 жастан асқан.
2. Бұрын кененің шағуы қауіпсіз болатын.
Бұл туралы айта келе, видео авторы кейбір адамдардың сөзіне сүйенеді, олардың әңгімелеріне сәйкес, олар бала кезінде ормандарда жиі серуендеген және үстерінен кенелер тапқан. Оны жай алып тастап, жүре берген, ешқандай аурулар болмаған. Қазіргі кезде кененің шағуы қорқынышты ауруға әкеп соғады. Мұндай пайымдауды маңызды дәлел деп санауға болмайды. Видео авторы кенелердің түрі көп екенін айтпайды. Олардың кейбіреулері адамдар үшін қауіпсіз болуы мүмкін, бірақ басқаларын шағып алса, адам өліп кетуі ықтимал. Атап айтқанда, Лайма ауруын иксод тобына жататын қара аяқты кенелер таратады. Сондай-ақ бұл топтың өкілдері Қырым геморрагиялық қызбасын, кене энцефалитін, т.б. ауыр ауруларды тарата алады.
Бұрын кенелер бұл ауруларды таратпаған деген пікір қате. Өз басынан өткен оқиғаны айта келе, оқырман Лайма ауруы бойынша эндемиялық емес аймақта тұрған болар, ал оны шаққан кенелер ауру жұқтырмаған және ауру тасымалдаушы болмауы мүмкін.
3. Альцгеймер ауруынан қайтыс болған адамдарды тексеру олардың барлығында Лайма ауруы болғанын көрсетті.
Бұл тезис күмәнді. Тексеру қай жерде және кіммен жүргізілгені, қанша адамның тінінің үлгілері талданғаны және алынған нәтижелерге қаншалықты сенуге болатындығы белгісіз. Сонымен қатар Лайма мен Альцгеймер аурулары арасындағы ықтимал байланыс туралы нақты зерттеулер бар. Олардың нәтижелері байланыс ықтималдығы өте төмен екенін көрсетеді.
Демек видеода айтылған ақпарат дәлелсіз. Жоғарыда келтірілген статистика және аталған аурулардың дамуының болжамды себептері объективті шындық пен дәлелді ғылымға қайшы келеді.