Фейк: «Балаларға арналған суицид жасауға көмектесу бойынша оқулық жарық көрді»
Әлеуметтік желілерде Канада үкіметінің қолдауымен жарыққа шыққан балаларға арналған «Суицид жасауға көмектесу бойынша оқулық» туралы жазылды. Ол адамдарды суицидтен бас тартуға көндірмей, керісінше олардың бұл шешімін қолдауға шақырады екен. Бұл рас па? Анықтайық.
Постта оқулық емес, канадалық виртуалды хоспис жасаған кітапша туралы айтылады. Бұл эвтаназия жасау бойынша шешім қабылдаған жақын адамы бар алты жастан 12 жасқа дейінгі балаларға арналған жұмыс дәптері.
Кітапшаның толық нұсқасы онлайн қолжетімді.
Онда эвтаназия дегеніміз не, оны кім жасай алады, бұл қалай болады және ең бастысы, жақын адамынан айырылу эмоцияларымен қалай күресуге болатындығы туралы жазылған.
Кітапшада эвтаназияны 18 жастан асқан, ауру белгілері күшті және төзгісіз, өмірі азапқа айналған адамдар жасай алады делінген. Сонымен қатар қазіргі заманғы медицинаның пациенттің жағдайын жеңілдете алмауы және осы ауруға немесе оның белгілеріне қарсы дәрі-дәрмектердің болмауы маңызды болып табылады.
Кітапшаның авторлары жақын адамы эвтаназия жасауға шешім қабылдаған балада туындауы мүмкін эмоциялар тақырыбына ерекше назар аударды. Атап айтқанда, балаларға болып жатқан жайтқа олар кінәлі емес және жақын адамының өз еркімен өмірден кетуге шешім қабылдауының себебі олар емес екенін түсінуге көмектеседі. Сондай-ақ, авторлар ересектер мұндай шешімді баланы тастап кету немесе оны теріс қылықтары үшін жазалау үшін емес, ауруға байланысты қабылдағанын түсіндіреді. Сондай-ақ, кітапшада эвтаназияға бел буған адамның азабын жеңілдете алмайтындығы және әрекет етпегені үшін бала өзін кінәламауы керек делінген.
Кітапшаның соңында баланың ата-анасына немесе қамқоршыларына арналған бөлім бар. Онда авторлар кітапшаны балаға бермес бұрын толық оқып шығуға кеңес береді. Осылайша, жауапты ересек адам балаға кітапша қажет пе екенін, оның мазмұнын түсіне алады. Сондай-ақ, осы жұмыс дәптеріндегі тапсырмаларды баламен бірге орындай ала ма, әлде балаға еркіндік бере ме, осыны шешуі керек.
Кітапша суицидті насихаттамайды және балаларды оны көтермелеуге үйретпейді. Ол айықпас науқас жақындары эвтаназияға бел буған балаларға психологиялық қолдау көрсету мақсатында әзірленген.
Демек, бұл «Суицид жасауға көмектесу бойынша оқулық» емес. Олай болса, таралған ақпарат жалған.