Дәлелсіз: «Арнайы сигналдар адамдарды шеңбердің бойымен жүруге итермелейді»
Әлеуметтік желілерде шырылдаған смартфонның айналасына жиналған құмырсқалар үйірінің видеосы тарады. Жәндіктердің іс-әрекеті оғаш болып көрінгендіктен, пайдаланушылар бұдан сәл күштірек сигнал адамдарды да шеңбердің бойымен айналып жүруге итермелейді деп пайымдап отыр. Бұл мүмкін бе, жоқ па? Анықтайық.
Тараған видео шын. Ол Желінің ағылшын тіліндегі сегментінде 2015 жылы шыққан. Сарапшылар оған қатысты пікірлерін білдірген. Олардың ойынша, құмырсқалардың мұндай оғаш мінез-құлқының себебі олардың Жердің магнит өрісін сезініп, соның бойымен жүруінде жатыр.
Жаңа Англия университетінің австралиялық энтомологы Найджел Эндрю былай деді: «Телефон шырылдай бастағанда, оның жұмысына әсер ететін радиотолқындар бағыт-бағдар сезіміне кедергі келтіруі мүмкін. Құмырсқалардың көбі бағыт алу үшін магнетизмді пайдаланады. [Олардың] мұртында магниттік рецепторлар бар. Егер ұзақ қашықтыққа жүрсе, олар Жердің магниттік сигналдарын пайдаланып, солтүстікке, шығысқа, оңтүстікке немесе батысқа қарай бет алғандарын біледі».
Квинслендтегі Джеймс Кук университетінің әлеуметтік жәндіктерді зерттеушісі Саймон Робсон бұл пікірмен келіспей, құмырсқалар телефонсыз да айналып жүреді деп мәлімдеді.
«Телефонсыз да шеңбер құрып, айналып жүретін құмырсқалар көп. Бұл олардың байланыс жүйелерінің салдары. Бұған телефонның пішіні әсер етуі ықтимал, діріл де аздап қоздыруы мүмкін, бірақ көптеген құмырсқалар телефонсыз-ақ солай жүреді», – деді ол.
Саймон Робсонның сөзін дәлелдейтін осындай видеоларды Желіден оңай табуға болады.
Видеодағы құмырсқалардың оғаш мінез-құлқының себебі қандай болмасын, дәл осындай іс-әрекет адамға да тән деп айта алмаймыз. Адамдардың көбі Жердің магнит өрістерін сезіне алмайды және оларды кеңістікте бағытын табу үшін пайдаланбайды.
Сондай-ақ адамдар қандай да бір биологиялық факторлардың әсерінен үлкен шеңбер құрып, тұрмайды. Демек, белгісіз күшті сигналдар адамдарды құмырсқалардай шеңбер құрып, айналып жүруге итермелейді деген тұжырым негізсіз және ғылымға қарсы.