Конспирология

Дәлелсіз: «Глобалистер Интернетті жоюды жоспарлап отыр»

Telegram чаттарында глобалистер интернет пен кейбір электр құрылғыларды жояды деген ақпарат тарады. Ол үшін олар өздеріне күдік түсірмеу үшін Күн жарқылын имитациялап жер үстінен ядролық бомба жарады екен. Мұның бәрі өтірік.

Біріншіден, «глобалистер» термині Жаңа әлемдік тәртіп туралы қастандық теорияларына және антисемиттік мәлімдемелерге тән екенін атап өткен жөн. Қастандық теорияларының авторлары оны теріс мағынада қолдана отырып, «қалыпты» адамдарға қарама-қайшы келетін белгісіз адамдар тобын атайды.

Екіншіден, ядролық бомбаны атмосфераның жоғарғы қабаттарында ешкімге білдірмей жару мүмкін емес.

1958-1962 жылдар аралығында АҚШ пен Кеңес Одағы жоғарғы атмосферада және ашық кеңістікте ядролық сынақтар жүргізді. Олардың негізінде ғалымдар мұндай жарылыстардың негізгі белгілерін қалыптастыра алды. Біріншіден, атмосфераның жоғарғы қабаттарындағы жарылыстан «саңырауқұлақ» емес, сфера қалыптасады. Екіншіден адамдар, жерде, зардап шеккен аймақта болса да, ыстықты сезеді, ал арнайы қорғаныс көзілдірігі болмаса, көз торы күйіп кетуі мүмкін. Үшіншіден, зақымдану радиусындағы кейбір электр құрылғылары уақытша істен шығады, бірақ барлық жердеемес. 

Жоғарыда айтылғандардың барлығын Күн жарқылы деп ойлап қалу мүмкін емес, есесіне ірі жарқылдар бұған дейін сипатталған және адамдар оларды салыстыра алады. Күн белсенділігінің ең күшті жарылыстарының бірі 1859 жылы қыркүйекте болған. Күндегі дақтарды телескоптан бақылаған әуесқой астрономдар шамамен бес минутқа созылған көздің жауын алатын жарқылды байқаған. Күн тәжінің массасы күрт және жаппай шашылды. Нәтижесінде кейбір аймақтарда электр құрылғылары, телеграф істен шыққан, ал жоғары вольтты сымдардан ұшқындар шашыраған. Бұл оқиға телескоп арқылы Күнді бақылаған астрономдардың бірінің құрметіне «Кэррингтон оқиғасы» деп аталды.

Ғалымдардың пайымдауынша, мұндай жағдай қайталануы мүмкін, олар қолда бар технологияларды осындай оқиғалардың салдарынан бұзылудан қорғауға дайындалуда.

Жоғарыда айтылғандарды қорытындыласақ, атмосфераның жоғарғы қабаттарындағы ядролық жарылыс сырттай және сипаты жағынан Күннің тәждік массасының жаппай шашылуына ұқсамайтыны анық. Белгісіз құпия қауымдастық үшін әлемде Интернетті өшіру үшін бомба жару тиімді деп айту негізсіз. Оның үстіне, бір ғана күшті бомбаны жару толық блэкаутқа әкелмейді. Ол үшін бірден бірнеше бомба жару қажет, бұл Желінің жоғалуына ғана емес, сонымен қатар адамдар мен жануарлардың өліміне деәкеп соғады.

Демек, Желіде таралған хабарламаны дәлелсіз қастандық теориясы деп санауға болады.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button