Фейк: «Танымал газдалған сусын атауында «өлі» сөзі жасырылған, ал оның құрамындағы қоспалар психикаға әсер етеді»
Әлеуметтік желілерде Pepsi газдалған сусынының логотипінде «өлі» сөзі жасырылған, ал сусынның өзіне психикаға әсер ететін және қатерлі ісік тудыратын қант алмастырғыш қосады деп жазылуда. Бұл рас па? Тексерейік.
Pepsi атауының өлімге де, психиканы басуға да қатысы жоқ. Сусынды жасаушы Калеб Брэдхэм оны ас қорытуға көмектесетін құрал ретінде әзірлеп, пепсин ас қорыту ферменті мен Кола жаңғағының атымен Pepsi Cola деп атаған.
Pepsi сөзін төңкеріп, is ded деп оқуға болады, бұл «өлі» сөзі is dead сөз тіркесіне ұқсайды. Бұл – ескі мем. Ол кемінде 2007 жылдан бері таралып келеді. Көп жағдайда пайдаланушылар «біреу немесе бірдеңе» өлді» деп шығатындай төңкерілген Pepsi банкасының жанына сөзді немесе атауды қосады. Мұндай мем әсіресе, көпшілік алдында біреу ұтылып жатқанда немесе оны мазақ ету үшін қолданылады.
Pepsi сөзін төңкеріп оқығанда оның ағылшын тіліндегі «өлі» сөзіне ұқсауы кездейсоқтық.
Сусынның құрамындағы психикаға әсер ететін және қатерлі ісік тудыратын қант алмастырғышқа келетін болсақ, бұл өтірік. Pepsi-ге де, «қантсыз» деген белгісі бар көптеген басқа диеталық сусындарға да аспартам қосады. Бұл қанттан тәтті, бірақ калориясы жоқ зат.
Қатерлі ісіктерді зерттеу жөніндегі халықаралық агенттік (IARC) аспартам адам үшін канцерогенді болуы мүмкін деп мәлімдеді. Бұған Еуропа мен АҚШ-та жүргізілген үш клиникалық зерттеу негіз болды. Беделді ғалымдар мен ведомстволардың ешқайсысы аспартамның психикаға әсері туралы айтпаған.
Біріншісінде ғалымдар аптасына тұтынылатын диеталық алкогольсіз сусынның әрбір қосымша порциясы бауыр қатерлі ісігінің 6 пайызға жоғарылауымен байланысты деген қорытындыға келді. Алайда, зерттеуге қатысушылардың саны аз болған, демек, бұл тұжырым нақты емес.
Екінші зерттеуде мамандар бауыр қатерлі ісігінің даму қаупі қант диабетімен ауыратын және аптасына екі немесе одан да көп банка диеталық газдалған сусын ішетін адамдарда бар деген қорытындыға келді.
Үшінші зерттеу барысында күніне екі немесе одан да көп банка қантсыз газдалған сусын ішетін ер адамдарда бауыр қатерлі ісігінің болу қаупі артатыны анықталды.
Осы жұмыстарға ғана сүйене отырып, аспартам мен бауыр қатерлі ісігінің байланысы туралы нақты қорытынды жасауға болмайды. Сондықтан аспартам «адамдар үшін канцерогенді болуы ықтимал заттар» тобына енгізілді. Яғни, теориялық тұрғыдан заттың қатерлі ісік ауруын тудыруы мүмкін екендігі туралы ақпарат аз, ал нақты айтқанда белгісіз. Айта кетейік, канцерогенді болуы мүмкін заттардың осы тобына алоэ вера жапырақтарының сығындысы да кіреді.
Жоғарыда айтылғандардың бәрін қорытындылайтын болсақ, pepsi атауында ешқандай жаман хабарламалар мен кеңестер жапсырылмаған, ал құрамындағы қант алмастырғыш психикаға әсер етпейді және оның қатерлі ісік ауруын тудыру қабілеті әлі дәлелденбеген.