Fake News

Фейк: «Италиялық дәрігер COVID-19 – бұл халықты азайту жоспары деп мәлімдеді»

Instagram-да италиялық дәрігердің атынан жазылған газет мақаласының суреті тарады. Онда COVID-19 ауру емес, бұл – халықты азайту жоспары, бұл ауруға қарсы вакциналар аса қауіпті және оны анықтауға арналған сынақтар сенімсіз деп жазылған. Мұның бәрі өтірік.

Бұл материалдың авторы немесе қандай да болмасын басқа ақпараттың көрсетілмегеніне назар аударған жөн. «Италиялық дәрігердің» мәтінін жазған адамның мамандығы, жұмыс тәжірибесі қандай, ең болмағанда, аты кім екені белгісіз. Мұндай күмәнді сипаттамалар мен тұжырымдар фейктерге тән. Өйткені, дәрігердің нақты аты көрсетілмесе, оның бар-жоғын тексеру қиын. Сонымен қатар ол айтты деген сөздерді шынымен айтқан-айтпағанын білу мүмкін емес.
Жазбада келтірілген кейбір тезистерді талдап шығайық.

1. COVID-19 «жасанды интеллекттің көмегімен вакцинацияны сәйкестендіру туралы куәлік сертификаты» дегенді білдіреді, ал 19 саны – вакцина ойлап табылған жыл.

Бұл өтірік. Біріншіден, «куәлік сертификаты» дегеннің өзі дұрыс емес. Екіншіден, жасанды интеллекттің бұған қатысы қанша екені түсініксіз. Өйткені, қандай да болмасын вакцинаны роботтар емес, адамдар жасайды. Үшіншіден, COVID-19 аббревиатурасының мағынасы құпия емес. Бұл Corona VIrus Disease (коронавирустық ауру) дегенді білдіреді. Ал 19 саны бұл ауру алғаш рет анықталған 2019 жылдың белгісі.

2. COVID-19 – бұл халықтың санын азайту жоспары.
Бұл мүлдем негізсіз және жоққа шығарылған қастандық теориясы. Пандемия аяқталды деп жарияланғаннан кейін, бұл туралы сеніммен айта аламыз. COVID-19 ауруы миллиондаған адамның өмірін қиғанымен, бұл әлем бойынша халықтың санына әсер еткен жоқ. Ашық мәліметтерге сәйкес, 2020 жылы пандемия алғаш басталған кезде Жер бетінде 7 840 952 880 адам болған. Екі жылдан кейін, 2022 жылы бұл көрсеткіш 7 975 105 156-ға дейін өсті. Ал 2023 жылы планета халқының саны 8 миллиардтан асты.

3. Жаппай вакцинацияның мақсаты ¬- халықты 80%-ға қысқарту.
Бұл өтірік. Біріншіден, вакциналар әлем халқының 80%-ын өлтіру үшін енгізілді десек, алдымен бұл адамдар вакцина алуға тиіс еді. Бірақ олай болған жоқ. Our World in Data порталының мәліметі бойынша, дүниежүзінде жалпы планета халқының 70.48% вакцинаның кем дегенде бір дозасын алды – бұл бес жарым миллиардтан астам адам. Екіншіден, егер вакциналар шынымен өлімге әкелетін болса, онда вакцинацияланған адамдардың кемінде жартысы қайтыс болып, қалғаны айықпас дертке шалдығар еді. Бақытымызға орай, мұндай ештеңе болып жатқан жоқ.

4. Тесттер COVID-19-ды анықтай алмайды.

Бұл жерде «италиялық дәрігер» өз-өзіне қайшы келуде, өйткені ол басында айтқандай мұндай ауру болмаса, онда оны анықтау да қажет емес. Шын мәнінде, COVID-19 ауруы бар және оны ПТР сынақтарымен жоғары дәлдікпен анықтауға болады. Бұл сынақтар SARS-CoV-2 ауруының қоздырғыш вирусына ғана ден қоятындай етіп жасалған және талданып отырған биоматериал үлгісінен оны «тапса», онда еш қиындықсыз анықтауға болатындай етіп көбейтеді. Егер үлгіде вирус болмаса, онда көбейтетін де ештеңе болмайды. Яғни, тест нәтижесі теріс болады. Айта кетейік, ПТР диагностика жаңа әдіс емес және ол COVID-19 ғана емес, бірқатар ауруларды анықтау үшін қолданылады.
ПТР сынақтары вирусты анықтай алмайды – бұл covid диссиденттерінің сүйікті мифтерінің бірі. Алайда оны әртүрлі елдердегі фактчекерлер бірнеше рет жоққа шығарған.
Демек, таралған мақала тұтастай фейктер мен қастандық теорияларынан тұрады. Жарияланымда келтірілген тезистер ғылымға қарсы және нақты фактілерге қайшы келеді.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button