Желіде ҚР қаржы министрінің атынан фейк жарнама тарады
Қазнетте ҚР қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың сұхбаты жарияланды. Ол онда криптовалюта саудасына арналған ботты жарнамалайды және соның арқасында миллионер атанғанын айтады. Бұл фейк.
«Сұхбат» қазақстандық Tengrinews.kz жаңалықтар порталында шыққандай етіп ұсынылған. Алайда, мәтіннің сілтемесіне назар аударсақ, бұл сайттың жалған екендігі түсінікті болады. Tengrinews.kz порталында Ерұлан Жамаубаевтың боттарды жарнамалаған сұхбаты, жоқ. Сонымен қатар, министрдің атын жазғанда орфографиялық қате жіберілген. Жалған платформада ол «Эрулан» деп жазылған.
Суреттерді кері іздеуге арналған құралдардың көмегімен біз фейк сайттағы «сұхбатта» қолданылған кадрлардың дереккөзін анықтадық. Олардың барлығы 2023 жылғы 17 ақпанда Qazaqstan телеарнасында шыққан «Жедел желі» бағдарламасынан алынған. Эфир банкроттық туралы болған, бағдарламада боттар мен криптовалюта туралы тақырып қозғалмаған.
Демек, ҚР қаржы министрі цифрлық ақшамен сауда жасауға арналған ботты жарнамалаған сұхбат – фейк. Ерұлан Жамаубаев ондай мәлімдеме жасамаған.