Пікірлер

Фейк: «Қазақстанға жүректің соғу жиілігін өлшеу функциясы бар Apple Watch әкелуге тыйым салынды»

Жаңалықтар тарататын кейбір Telegram-каналдарда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі елге жүректің соғу жиілігін өлшеу және ЭКГ жасау функциялары бар Apple Watch смарт-сағаттарын әкелуге тыйым салғаны туралы жазылды. Ведомство бұл ақпаратты жоққа шығарды.


Қазнетте тараған ақпаратқа сәйкес, тыйым салу Денсаулық сақтау министрлігінің смарт-сағатты медициналық жабдық деп танып, оны елге әкелу үшін арнайы реттеулер қажет екендігіне байланысты.

Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, мұның бәрі шындыққа жанаспайды.

«Денсаулық сақтау министрлігінің тарапынан Қазақстан Республикасының аумағына Apple Watch кіргізуге шектеулер жоқ. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері 2023 жылғы 5 маусымда ТМД, Таяу Шығыс, Африка – Эсра Кони (Esra Köni) аймағындағы мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі Apple департаментінің басшысымен кездесу өткізді. Кездесуде Apple компаниясымен ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Сондай-ақ қазақстандық тарап Қазақстан аумағында тұрақты емес ырғақ туралы хабарлама (AFib) сервистерінің және Apple Watch-та қолжетімді ЭКГ қосымшасының қолжетімділігіне қатысты мәселені көтерді. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан аумағындағы пайдаланушылар үшін осы функцияларды белсендіру мәселесін қарауды ұсынды. Apple компаниясының өкілдері қыркүйек айында бағдарламалық қамтамасыз етуді жаңарту жоспарланып отырғанын, содан кейін тұрақты емес ырғақ туралы хабарлама (AFib) сервистері мен ЭКГ қосымшасы Қазақстан аумағында қолжетімді болатынына сендірді. Сондай-ақ қазақстандық тарап жүректің соғу жиілігін өлшеу және кардиограмманы алу функциялары бар Apple Watch-ты жеке пайдаланған кезде медициналық бұйым ретінде тіркелу талап етілмейтініне сендірді», – делінген ведомство хабарламасында.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button