Fake News

Фейк: «Глобалистер адамдар мен жануарлардың буданын жасамақ»

Әлеуметтік желілерде глобалистер адамдар мен жануарлардың буданын жасамақ және мұндай тәжірибелер әр түрлі елдерде жүргізіліп жатыр деп жазылуда. Жақын арада әлемде жартылай адамдар-жартылай жануарлар туады екен. Бұл рас па? Анықтайық.

Бұл теорияның авторлары Netflix стримингтік қызметінің «Sweet tooth: бұғы мүйізі бар бала» сериалына сүйенеді. Сюжет бойынша, ақырзаманнан кейінгі әлемде жануарларға тән белгілері бар балалар дүниеге келеді. Мәселен, басты кейіпкердің құлағы мен мүйізі бұғынікіндей, ал достарының құлағы пілдікіндей, сондай-ақ мысықтікіндей құйрығы, шошқа тұмсығы және адамдарға тән емес басқа дене бөліктері бар.

Бұл сериал фэнтези және нақты ғылыми немесе басқа сенімді дереккөздерге емес, комикстер сериясына негізделген.

Интернетте ғалымдар шошқа мен адамның, маймыл мен адамның, қой мен адамның және т.б. будандарды жасап жатқандығы туралы мақалаларды оқуға болады. Алайда, олардың бәрінде эксперименттер зертханалық жағдайда эмбриондарда жасалады және жартылай адам-жартылай жануарлар нәсілін тудыруға бағытталмаған делінген.

Ең ұзақ эксперименттердің бірі 2021 жылы өткізілді. Ұзын құйрықты макака эмбрионына адам жасушалары енгізілген. Нәтижесінде эмбрион 16 күн бойы өмір сүрген.

2017 жылы ғалымдар шошқа мен адам жасушаларынан тұратын эмбрион жасай алды. Ол 4 апта өмір сүрді.

2018 жылы зерттеушілер адам жасушалары бар қой эмбриондарын жасаған. Олар туылған жоқ.

Мұндай зерттеулер, негізінен, ауыр науқастар үшін өте қолайлы донорлық органдар жасау мақсатында жүргізіледі. Алайда, адамдар бұған алдағы жылдары қол жеткізеді деп айту әлі ерте. Эксперименттер әлі бастапқы сатыда. Дене бөліктерін өсіру, олардың ерекшеліктерін, әртүрлі адамдармен үйлесімділігін және басқа да маңызды аспектілерді зерттеу үшін он жылдан астам уақыт қажет болуы мүмкін. Сонымен қатар мұндай технологияларды әлеуетті қолдану қоғам арасында да, ғалымдар арасында да көптеген қайшылықтар тудырады, өйткені будандарды құру өте маңызды және даулы мәселе. 

Қорыта айтқанда, ешқандай «глобалистер» жартылай адам-жартылай жануар жасамайды. Ғалымдар адам жасушалары бар жануарлар эмбриондарын алу үшін эксперименттер жүргізуде. Алайда, біріншіден, олар адамдар емес, екіншіден, бұл әлеуетті донорлық орган өсіру үшін жасалады, үшіншіден, мұндай эмбрион туылмай қайтыс болады.

Демек, таралған ақпарат жалған.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button