Мектепке кешігіп келгені немесе далада жалғыз жүргені үшін балаларды ата-аналарынан тартып алмайды
Желіде «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жасау туралы» заң жобасына қатысты дау толастар емес. Пайдаланушылардың пайымдауынша, жаңа стандарттарға сәйкес, балаларды ата-аналарынан тартып алуы мүмкін. Мысалы, мектепке жүйелі түрде кешігіп баратыны немесе баланың үйде жалғыз қалғаны, не болмаса ересектердің қарауынсыз көшеге шыққаны үшін.
Заң жобасының тең авторы, Парламент Мәжілісінің депутаты Ирина Унжакова Stopfake.kz тілшімен әңгімелесу барысында бұл болжамдарды үзілді-кесілді жоққа шығарды.
Оның айтуынша, жаңа заң жобасының мектептерге немесе басқа оқу орындарына баруға еш қатысы жоқ.
– Заңды реттеу саласы – бұл отбасындағы зорлық-зомбылық. Оның баланың мектепке баруына еш қатысы жоқ. Бұл мүмкін емес. Құжат отбасындағы тұрмыстық зорлық – зомбылық актілерін жасау кезінде құқық бұзушылардың құрбандарын анықтау, жолын кесу, жазалау, оңалту және бақылау процестерін реттеуге ғана бағытталған, – деп түсіндірді Ирина Унжакова.
Балаларды үйде жалғыз қалдыруға немесе ересектерсіз далаға жіберуге тыйым салынады деген қауесетке де негізі жоқ.
– Иә, заң жобасында кәмелетке толмағандар туралы ұстаным бар. Бұл бір жағдайда ғана орын алады, егер полиция тұрмыстық зорлық-зомбылық актісінен кейін ата-ананың бірін тергеу оқшаулағышына, екіншісін реанимацияға алып кетсе. Кәмелетке толмаған балалар үйде ұзақ уақытқа жалғыз қалмас үшін оларды мамандандырылған мекемеге жіберуі мүмкін, – деді Мәжіліс депутаты.
Сондай–ақ ол бұл уақытша шара екенін атап өтті. Балалар ата-анасының бірі оларды қамқорлығына ала алғанша ғана үйден тыс жерде болады.
Естеріңізге сала кетейік, Парламент Мәжілісінің депутаттары 23 қыркүйекте «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жасау туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Осыдан кейін желіде үшінші тұлғалардың өтінішімен балаларды отбасынан тартып алуы мүмкін екендігі туралы жалған ақпарат тарала бастады. Біз бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлаған болатынбыз.
Заң жобасының толық мәтінін мына жерден оқуға болады.
StopFake.kz порталы тек ресми ақпаратқа ғана сенуге шақырады.