Fake News

Фейк: «БҰҰ балаларды жыныстық өмірді ерте бастауға, порнография көруге және бір жынысты қарым-қатынасқа шақырады»

Қазнет қолданушыларының айтуынша, Біріккен Ұлттар Ұйымы «Жыныстық тәрбие бойынша халықаралық техникалық нұсқаулық» атты құжат шығарған. Ол кішкентай балаларды жыныстық өмірді ерте бастауға, порнографиялық фильмдер көруге және бір жынысты қарым-қатынас орнатуға шақырады екен. Мұның бәрі өтірік.

«Жыныстық тәрбие бойынша халықаралық техникалық нұсқаулық» бар. Оның орыс және басқа тілдердегі толық мәтінімен ЮНЕСКО-ның ресми сайтында танысуға болады.

Бағдарлама сегіз модульге бөлінген:

  1. Қарым-қатынас

2.Құндылықтар, құқықтар, мәдениет және сексуалдық

  1. Гендерлік мәселелерді түсіну

4.Зорлық-зомбылық және қауіпсіздікті қорғау

  1. Денсаулық пен әл-ауқатқа қажетті дағдылар
  2. Адам ағзасы және дамуы
  3. Сексуалдық және жыныстық мінез-құлық
  4. Сексуалдық және репродуктивті денсаулық.

Бірінші модуль аясында бес пен сегіз жас аралығындағы балаларға отбасы деген не, онда қандай қарым-қатынас болуы мүмкін және рөлдер қалай бөлінетіні туралы айту ұсынылады. Сондай-ақ оларға достық, ол қандай болуы мүмкін және сыйластық, бөлісуге дайын болу және аяушылықтың қаншалықты маңызды екендігі туралы айтылады.

Екінші модульде аталған жас санатындағы балаларға отбасылық және жалпы адамзаттық құндылықтар, адам құқықтары тақырыптарын түсіндіру ұсынылады.

Үшінші модульде жыныстық айырмашылықтар, биологиялық жыныс пен гендердің арасындағы айырмашылықтар туралы айтылады. Мұнда балаларға гендері мен жынысына қарамастан барлық адамдар бірдей құндылыққа ие екендігі жазылған.

Төртінші модуль аясында зорлық-зомбылықты және буллингті тану дағдыларына арналған сабақтар қарастырылған. Балаларға мұндай мінез-құлыққа жол бермеу туралы идеялар беріледі. Сондай-ақ балаларға Интернетті қалай қауіпсіз пайдалану керектігі туралы айтылады.

Бесінші модуль құрдастармен қарым-қатынас және олардың әсері тақырыбына арналған. Балаларға оның жақсы және жаман болуы мүмкін екендігі түсіндіріледі. Сондай-ақ оларға әр адамның өз бетінше шешім қабылдауға құқығы бар және әрбір қабылданған шешімнің салдары болуы мүмкін екендігі айтылады. Бұл блоктағы жеке сабақтар жақын ересектермен сенімді қарым-қатынас пен медиа сауаттылық негіздеріне арналған.

Алтыншы модульде бес жастан сегіз жасқа дейінгі балаларға адам анатомиясы туралы айту, оларға органдардың, соның ішінде репродуктивті атауларды үйрету ұсынылады.  Сондай-ақ осы модуль аясында балаларға жүктілік ерлер мен әйелдердің жыныс жасушаларының бірігуі нәтижесінде болатындығы туралы айтылады. Бұл ретте балаларға жыныстық қатынас процесі сипатталмайды. Жыныстық жетілу кезеңіне және жасөспірімдер ағзаларында болатын өзгерістер бойынша жеке дәріс өтеді.

Жетінші модуль дене сезімі тақырыбына арналған және адамның өз денесінен ләззат алуы табиғи жайт екені түсіндіріледі. Сондай-ақ балаларға адамдар бір-біріне деген сүйіспеншілік пен құштарлықты жанасу арқылы білдіре алатыны айтылады.

Қорытынды, сегізінші модуль бойынша 5-8 жастағы балалармен жүктілік тақырыбында сабақтар өткізіледі. Балаларға бұл белгілі бір жасқа жеткенде жоспарлауға болатын табиғи процесс екендігі айтылады. Осы модуль аясында жасөспірім балалармен жыныстық жолмен берілетін аурулар да талқыланады. Мектеп жасына дейінгі балалар мен бастауыш сынып оқушыларына бұл тақырыпта дәріс оқылмайды.

Нұсқаулықта жыныстық өмірді ерте бастау, бір жынысты қарым-қатынасты немесе порнографияны қолдау туралы жазылмаған. 

Демек, мұның бәрін пайдаланушылар ойдан шығарған.

Олай болса, таралған ақпарат – фейк.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button