Фейк: «Долларлық купюрада графен молекуласы бейнеленген»
Әлеуметтік желілерде долларлық купюрада графен молекуласы бейнеленген деп жазуда. Хабарламаға екі сурет тіркелген, олардың бірінде микроскоп астындағы молекула, екіншісінде долларлық купюраның бөлігі бейнеленген.
Желідегі екі суреттің де көзін табу оңай болды.
Біріншісі 2012 жылы жарияланған гексабензокоронен молекуласының суреті. Бұл – молекулалық формуласы C 42 H 18 полициклді хош иісті көмірсутек.
Суретті IBM компаниясының мамандары ажыратымдылығы жоғары атомдық-күштік микроскоппен түсірген. Бұл молекуланың ішіндегі химиялық байланыстарды көруге мүмкіндік береді.
Фотосуреттің графенге ешқандай қатысы жоқ.
Екінші таратылған суретте бір долларлық купюраның бір бөлігі көрсетілген. Ол «Президенттің мөрі» деп аталады және Флорида штатындағы Бушнелл ұлттық зиратында және батырларға қойылған көптеген ескерткіштерде бейнеленген. Президенттің мөрінде зәйтүн бұтағы мен жебе ұстаған бүркіт салынған. Тұмсығында «E PLURIBUS UNUM» деп жазылған лента бар, бұл «көп халықтардың бірі» дегенді білдіреді. Бүркіттің денесін тік сызықтар мен олардың үстінен көлденең сызық салынған қалқан жауып тұр. Құстың үстінде қазіргі Америка Құрама Штаттарында құрылған алғашқы 13 колонияның белгісі 13 жұлдыз бейнеленген. Бұл 13 жұлдыз графен молекуласының суреті емес және оған еш қатысы жоқ екені анық.
Мұның бәрі долларлық банкнотада графен молекуласы бейнеленген деген теорияны жоққа шығарады. Таратылған суреттерде гексабензокоронен молекуласы және АҚШ-тың негізін қалаған бастапқы 13 колонияның белгісі 13 жұлдыз бейнеленген.