Фейк: «Австралияда жағажайдан графен оксиді табылды»
Әлеуметтік желілерде пайдаланушылар Австралияда жағажайлардың бірінде түсірілген видеоны талқылауда. Онда екі қыз құмның үстінен магнитті жүргізіп, оған қара түсті құм түйіршіктерінің тартылғаны көрсетілген. Олардың пікірінше, бұл вакциналарда болатын және аспанға шашатын графен оксиді. Мұның бәрі жалған.
Графен – көміртектің аллотропты модификациясы, ол бесбұрышты саңылаулары бар тор түріндегі бір атомды көміртек атомдарының қабатынан тұрады. Графен оксиді әдетте графенді тотықтыру арқылы қалыптасады. Яғни, графен оксиді – бұл зертханаларда қолдан жасалатын наноматериал.
Графен оксидінің құны өте жоғары. Бір граммның бағасы нарықта 140 доллардан (60 102 теңге) 200 долларға (85 860 теңге) дейін жетеді.
Осындай қымбат затты жағажайларға шашу да, оны COVID-19 қарсы вакциналардың миллиардтаған дозасына қосу да қымбат әрі мағынасыз. Графен оксиді нарыққа шығарылған вакциналардың ешқайсысының ингредиенті емес.
Ұшақтар қалалар мен ауылдарда аспаннан қауіпті зат шашады деген теория химтрейлдер теориясы деп аталады. Бұл 1990 жылдардан бері таралып келе жатқан конспирологиялық және дәлелсіз идея.
Енді магнитке тартылатын қара құм түйіршіктеріне тоқталайық. Бұл таңқаларлық жайт емес. Қара құм түйіршіктері Австралиядағы жағажайларда ғана емес, одан тыс жерлерде де бар. Бұл табиғи магнетит, ол жел мен судың әсерінен тау мен жанартау жыныстарының, соның ішінде металдардың үгілуінің нәтижесінде пайда болады.
Желіде осындай магнетитті қалай жинауға және қандай тәжірибелер жасауға болатындығы туралы видеолар көп.
Әлемде осындай магнетиттен тұратын жағажайлар бар. Олардың ішіндегі ең танымалы -Грузияның Уреки қаласындағы жағажай.
Қорыта айтқанда, видеода графен оксиді емес, табиғи магнит көрсетілген. Ол табиғи түрде қалыптасқан, оны ұшақтардан шашпайды және COVID-19 қарсы вакциналарға қоспайды.