Әлеуметтік желілер фейк ақпаратпен қалай күреседі
Зерттеулер нәтижесінде әлеуметтік желілердегі жалған ақпарат шындыққа қарағанда 6 есе тез таралатыны анықталды. Әсіресе, пайдаланушылар жалған ақпаратты таратуға құмар. Ал ақпараттың шын-өтірігіне көз жеткізуге тырыспайды. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер жалған ақпараттар ағынын азайту үшін не істейді, бұл жайлы StopFake айтып береді.
2016 жылы Facebook мәтіннің дұрыстығын тексеріп, бағалау үшін фактчекинг бағдарламасын іске қосты. Бүгінде әлеуметтік желі әлем бойынша 50-ден астам тілде жұмыс істейтін 60 ұйыммен ынтымақтастық орнатқан.
Алгоритм бойынша алдымен көп таратылатын вирустық посттар анықталады. Мұндай контент ақпаратты тексеру мамандарына жіберіледі. Фактчекерлерге жолданған жаңалықтар басымдық бойынша бөлінеді. Ең алдымен, пайдаланушылар көп оқыған контент тексеріледі. Ақпараттың шынайылығы тексерілгеннен кейін фейк ақпаратты тарату тоқтатылады. Ал пайдаланушыларға жалған контент туралы ескерту жасалады.
Фотосуреттер суреттердің жалғандығына немесе контекстке сәйкестігі бойынша талданады.
Сонымен қатар, Facebook және Microsoft компаниялары дипфейк-видеоны анықтау технологиясын әзірлеу бойынша байқау өткізді. Байқаудың жалпы жүлде қоры $ 1 млн. құрады. Белорусиялық Mapbox компаниясының өкілі Селим Сефербеков байқау жеңімпазы атанды. Ол әзірлеген алгоритм фильтрлер мен жазулары бар дипфейктерді шамамен 65% дәлдікпен анықтай алды.
Өткен жылдың күзінде Instagram да пайдаланушыларға жалған деп тапқан жарияланымдарды атап өтуге мүмкіндік беретін құралды қолдана бастады. Бұл функция посттың жоғарғы оң жақ бұрышындағы «Үш нүктеде» орналасқан. Онда «Шағымдану» және «Бұл орынсыз контент» опциялары бар. Жалған контент туралы хабарламаларды сарапшылар тексереді. Айта кетерлік жайт, Instagram мұндай хабарламаларды жоймайды. Бірақ арнайы хэштегтер арқылы олардың таралуына тыйым салады. Сондай-ақ, әлеуметтік желі жалған ақпаратты жариялаған пайдаланушыны тексеру және оның нәтижесі туралы хабардар етпейді, деп жазады Poynter.
Пандемия кезінде адамдар кездесе алмағандықтан, мессенджерді жиі қолдана бастады. Соның ішінде ақпарат алмасу үшін. Фейк пен жалған ақпараттар ағынын азайту үшін WhatsApp хабарламаларды жіберу ережелерін күшейтті, деп хабарлайды РБК.
«WhatsApp чаттарында көп мәрте жіберілген хабарламаларға арнайы белгі қойылады. Қос тілше белгісі келіп түскен хабарламаның сіздің контактіңізбен жасалмағандығын білдіреді. Бұған дейін жыл басында WhatsApp қарым-қатынастың жеке сипатын сақтау үшін хабарламаларды жіберуге шектеу қойдық», – делінген компания хабарламасында.
Енді мұндай хабарламаны бір уақытта тек бір чатқа ғана жіберуге болады.
2020 жылдың наурыз айында WhatsApp әзірлеушілері коронавирус туралы араған көптеген жалған хабарламалармен күресу үшін инфекция туралы шынайы және өзекті ақпарат ұсынылған білім беру порталын құрды.
Tengrinews.kz-тің хабарлауынша, платформа АҚШ-та орналасқан Пойнтер институтының қамқорлығымен жұмыс істейтін халықаралық Fact-Checking Network (IFCN) халықаралық деректерді тексеру желісіне 1 000 000 доллар көлемінде қаржы бөлді. Бұл ұйым WhatsApp-та жалған мәліметтердің таралу жолдарын зерттейді және оларды іздеу мен модерациялау құралдарын жасаумен айналысады.
Биыл Twitter жалған ақпаратпен күресу бойынша жаңа ережелер енгізді. Егер постта жалған ақпарат болса, жазбалардың астында қызыл немесе қызғылт сары белгі пайда болады. Ол пайдаланушыларға твиттің әлеуметтік желі стандарттарына сәйкес келмейтінін ескертеді. Твиттегі жалған хабарламаның көлемі твиттің өзінің көлеміне сәйкес болады және тікелей посттың астында орналасады. Бұл саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерінің жалған ақпарат ұсынылған немесе пайдаланушыларды адастыратын посттары болуы мүмкін. Сонымен қатар, аталған ереже зорлық-зомбылық және жаппай тәртіпсіздік орнату қаупі, сондай-ақ бір адамның немесе адамдар тобының өміріне қауіп төндіретін хабарламаларға қатысты қолданылады.
Сонымен қатар, зиян келтіруі мүмкін жалған фотосуреттер мен видеолар да белгіленеді. Әлеуметтік желі арнайы таңбалаумен қоса, мұндай твиттің көрінуін азайтады және пайдаланушыларға контенттің неге жалған болып танылғандығына түсінік береді.
Айта кетейік, биылдан бастап Twitter өздері оқымайтын, бірақ мақалаларға сілтеме берілген посттарды бөлісетін пайдаланушылармен күресе бастады, деп жазады британдық The Guardian газеті. Бұл Twitter-ге Android смартфондарынан кіретін адамдарға қатысты. Посттағы сілтеме бойынша өздері өтпесе де, онымен бөліскен пайдаланушыларға бөліспес бұрын, алдымен материалмен танысуды ұсынатын хабарлама шығады, деп жазады interfax.ru.