Fake News

Фейк: «COVID-19 қарсы вакциналар тууды бақылау үшін қажет»

Әлеуметтік желі қолданушылары СOVID-19 қарсы вакциналарға байланысты әлемде туу коэффициенті төмендеді деген теорияны тағы да тарата абстады. Швейцарияда бұл көрсеткіш дүниежүзілік соғыстар кезінде тіркелген деңгейден төмендеп кеткен екен. Бұл рас па, Тексерейік.


Бұл хабарламаның көзі – ағылшын тіліндегі Daily Clout порталы. Mediabias / FactCheck тәуелсіз жобасының бағалауы бойынша, бұл өте күмәнді ақпарат көзі. Daily Clout фейк жаңалықтарды, қастандық теорияларын және псевдоғылыми мақалаларды жиі жариялайды.
Туу деңгейінің төмендеуі туралы жаңалықта Daily Clout порталы дәрігер Роберт Чандлердің зерттеуіне сүйенеді. Желіде бұл дәрігер туралы ақпарат бар, бірақ оның вакциналарға немесе репродуктивті денсаулыққа ешқандай қатысы жоқ. Роберт Чандлер – ортопед. АҚШ Ұлттық медицина кітапханасының сайтында Чандлердің үш ғылыми мақаласы бар. Олардың барлығы ортопедия мен травматологияға арналған.
Яғни, Роберт Чандлердің вакциналар мен олардың ағзаға әсері туралы айтуға құзыреті жеткіліксіз. Оның «зерттеуінің» нәтижелері ғылыми журналда емес, күмәнді жаңалықтар порталында жарияланған. Сонымен қатар, еңбекте туу мен COVID-19 қарсы вакцинацияның арасындағы байланыстың барына ешқандай дәлел жоқ.
Швейцария мен осы елдегі жаңа туған нәрестелер санының күрт азаюына келетін болсақ, Чандлердің сөздері шындыққа жанаспайды. 2022 жылы Швейцарияда туу коэффициенті 2021 жылмен салыстырғанда 0,47%-ға төмендеді. Дәл осындай үрдіс пандемияға дейін де болған. Демек, статистикада күрт өзгеріс жоқ. 
Швейцарияда туудың қазіргі деңгейі рекордтық төмен емес. 2001 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 10%-ға өсті. 
Швейцариядағы қазіргі туу деңгейін дүниежүзілік соғыс кезіндегі туу деңгейімен салыстырған дұрыс емес. Біріншіден, нақты статистика осы күнге дейін сақталмаған, екіншіден, сол кездегі және қазіргі статистикаға әртүрлі факторлар әсер етеді. Қолда бар мәліметтерге сәйкес, Швейцарияда туу көрсеткіші Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанға дейін, 1937 жылы күрт төмендеген. 
Сондай-ақ, COVID-19 қарсы вакцинация мен туу коэффициенті арасындағы байланысқа арналған зерттеулер бар екенін атап өткен жөн. Олардың ешқайсысында теріс әсері бар екені дәлелденбеген.
Демек, таралған хабарлама – фейк және манипуляция. Біріншіден, ол сенімсіз дереккөзден тараған. Екіншіден, Швейцарияда туу көрсеткіші тарихи ең төменгі деңгейден кем болмаған. Үшіншіден, COVID-19 қарсы вакцинация фертильділікке әсер етпейді.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button