Энтони Бёрджесс «Бұрандалы апельсин» кітабын жазып болған соң қатерлі ісіктен айығып шыққаны рас па?
Әлеуметтік желілерде қазіргі заманғы әдебиеттегі танымал романдардың бірін жазудың таңғажайып тарихымен танысуға болады. Оған сәйкес, Энтони Бёрджесс «Бұрандалы апельсин» кітабын жазғанға дейін қарапайым мектеп мұғалімі болған, ол қатерлі ісік ауруына шалдығып, өмір сүруге бір жылдай ғана уақыт қалды дегеннен кейін ғана қолына қалам алған. Ол қайтыс болғаннан кейін жұбайы мен қызы кедейлікте өмір сүретініне алаңдаған Берджесс кітап жаза бастаған, ал «Бұрандалы апельсин» дайын болғанда қатерлі ісік ауруынан жазылған екен. Бұл ғажайып оқиға қаншалықты шынайы, тексерейік.
Энтони Бёрджесс – әйгілі ағылшын жазушысы Джон Бёрджесс Уилсонның лақап аты. Оның танымал шығармаларының бірі – «Бұрандалы апельсині» романы, оның жазылуына қатысты аңыздар мен қауесеттер көп.
Шындығында, бәрі әлеуметтік желілерде жазылғаннан гөрі қарапайым.
Бёрджесс қарапайым мектеп мұғалімі болып жұмыс істемеген. Ол Бирмингем университетінің сырттай бөлімінде сабақ берген, Білім министрлігінде жұмыс істеген және Банбери жеке гимназиясында ағылшын тілі мұғалімі болған. Содан кейін Малайя мен Борнеода білім беру офицері болып жұмыс істеген. Осыдан соң Англияға оралып, негізінен жазумен айналысқан.
Бёрджесстің өз балалары болмаған. 1942 жылы ол Ллевел «Линн» Ишервуд Джонсқа үйленеді. Жүкті кезінде оған қашқын сарбаздар шабуылдап, аяусыз соққыға жығады, нәтижесінде ол баласынан айырылып қалады, Ллевелдің өзі депрессияға түсіп, алкогольге тәуелділік пайда болады. Ол 1948 жылы қайтыс болды. Бірер уақыттан кейін Бёрджесс төрт жасар ұлы бар Лиана Мачеллариге үйленеді. Бёрджесс оны асырап алып, оны өз ұлындай өсіреді.
«Бұрандалы апельсин» Энтони Бёрджесстің алғашқы романы емес. Оған дейін ол сегіз шығарма жазған. 1956, 1958 және 1959 жылдары «Малай трилогиясы» романдары жарық көрді. 1960 жылы «Жауап алу құқығы» шығармасы. 1961 жылы «Құрт пен сақина», «Мемлекет шайтаны» және «Бір қолмен шапалақтау» романдары оқырманға жол тартты.
1959 жылы Энтони Бёрджесске ми ісігі диагнозы қойылып, оның өмір сүруіне бір жылға жуық уақыт қалды деп айтады. Алайда, кейіннен бұл қорқынышты диагноздың қате болғаны анықталды. 1993 жылы Бёрджесс қатерлі ісіктен қайтыс болды, бірақ ми емес, өкпе обырынан.
Қорыта айтқанда, әлеуметтік желілерде таралған «Бұрандалы апельсин» романын жазу тарихы ойдан шығарылған. Энтони Бёрджестің қызы болмаған, ал «Бұрандалы апельсин» жазушының бірінші емес, тоғызыншы кітабы. Ол жоғары лауазымдарды атқарған, оның ішінде қарапайым мектеп әдебиет мұғалімі емес, Білім министрлігінің қызметкері болған. 1959 жылы оған қойылған ми қатерлі ісігі диагнозы кейіннен қате болып шықты, ғажайып жағдай бомлаған.