Алаяқтар жалған жанармай карталарын сатуда
Instargam-да жанармай карталарын сату туралы хабарландырулар көп. Олардың бірін белгіленген бағамен сатып алғаннан кейін, жанармай құю станциясында ақша төлемеуге болады екен. Бұл шындыққа жанаспайды.
Қолданыста жоқ жанармай карталары алғаш рет 2021 жылы Ресейде сатыла бастаған. Алаяқтар карталарды арнайы әзірленген сайт арқылы сатқан, ал сенгіш көлік жүргізушілері ақшаны олардың шотына аударып отырған.
Қазақстанда схема сәл басқаша. Автокөлік жүргізушілеріне Helios, Qazaq Oil және «Газпром» компанияларының жанармай карталары ұсынылады. Ол Қостанайда тіркелген компанияның атынан Telegram арқылы сатылады. Алайда, ашық деректерге сүйенсек, аталған фирма өрт сөндіргіштерді толтырумен айналысады және жанармай саудасына ешқандай қатысы жоқ. Сонымен қатар, 2Gis қызметінде жанармай карталарын алу үшін компанияның кеңсесіне хабарласып, ол жерден ешкімді таппаған адамдардың пікірлері жазылған.
Айта кетейік, Helios, Qazaq Oil және «Газпром» ресми порталдарында жанармай карталарын делдалдар арқылы сату туралы ештеңе айтылмаған. Qazaq Oil карталарды компаниямен шарт жасасқаннан кейін ресми сату орталықтарында 500 теңгеге сатып алуды ұсынады.
Helios компаниясының сайтында жанармай карталары туралы ақпарат мүлдем жоқ. Оның орнына клиенттерге арнайы бонустық карталарды рәсімдеу ұсынылады.
«Газпром» компаниясында корпоративтік клиенттерге арналған жанармай карталары бар. Оны компаниямен ресми келісімшарт жасасқаннан кейін ғана сатып алуға болады.
Қорыта айтқанда, жанармай карталарын сату жарнамасы – алаяқтардың ісі. Компаниялардың жанармай карталары ресми бөлімдерде сатылады және оларды ресми келісімшарт жасалғаннан кейін ғана сатып алуға болады. Қазнетте карталары сатылып жатқан компания мүлдем басқа қызметпен айналысады, және оның карталар сатуға ешқандай қатысы жоқ.