Алматы қаласының спорт басқармасы Зелимхан Мусихановтың колледжден шығарылғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды
Қазнетте спортшы Зелимхан Мусихановтың колледжден шығарылғандығы, ал оның ата-анасының жұмыстан босатылғаны туралы ақпарат тарады. Бұған 26 ақпанда Batyrball ойынында әлем чемпионы, бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевпен болған жанжал себеп болған екен.
Алматы қаласының спорт басқармасы спортшының оқудан шығарылуы және ата-анасының жұмыстан босатылуы туралы ақпаратты жоққа шығарды.
«Мусиханов Зелимханның колледжден шығарылғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Қазіргі уақытта ол 4-курста оқиды, оқу практикасынан өтіп жатыр. Оқу барысында ол өзін жақсы қырынан көрсетті. Қазақстан – құқықтық мемлекет, орын алған оқиға салдарынан туыстарын жұмыстан босату туралы ақпарат та жалған. Естеріңізге сала кетейік, заңнамада жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Сондай-ақ басқа спортшыларды кәсіби қызметке баса назар аударуға және саладағы әріптестеріне қатысты жалған ақпарат таратуды тоқтатуға шақырамыз», – деп хабарлады ведомстводан.
Естеріңізге сала кетейік, жанжалдан кейін Зелимхан Мусиханов көпшілік алдында Серік Сәпиевтен кешірім сұрады. кейін олар қол алысып, жанжал таусылды.