Whatsapp-та адамдарды шатастыратын фотосуреттер топтамасы таралуда
WhatsApp-та дұға еткен қолға, періштелер мен адам бейнесіне ұқсас бұлттар бейнеленген фотосуреттер мен видеолар жинағы таралуда. Бұл кадрлар шынайы ма? Анықтайық.
Бірінші топтамадағы видеожазбада ер адам аспандағы ерекше бұлтты саусақпен нұсқап көрсетеді. Оның пішіні дұға еткен қолдарға ұқсайды.
Суретті кері іздеу арқылы біз видеоның 2022 жылдың желтоқсанында шыққанын және Американың бір жерінде түсірілгенін анықтадық. Үндістанның NewsMobile порталының фактчекерлерінің хабарлауынша осындай пішіндегі бұлттарды тегін онлайн фото редакторлардан шаблон түрінде оңай табуға болады. Екінші видеода да солар көрсетілген, оны YouTube-тен көре аласыздар.
Демек, Қазнетте таралған видео – фейк және графикалық редакторларда жасалған.
Одан әрі бұлттар «суреттерінің» топтамасында адамның келбеті көрсетілген.
Бұл – алғаш рет 2022 жылдың басында ағылшын тіліндегі Reddit порталында пайда болған мем. Бұл суреттің түпнұсқалығын растайтын дәлелдер жоқ, сондықтан оған сенбеген жөн.
Топтамадағы тағы бір суретте қызға ұқсайтын бұлт бейнеленген. Оның басқа суреттерден айырмашылығы, ол – түпнұсқа.
Алайда, бұл тылсым күштер адамдарға жіберген белгі емес. Адамдардың жоқ жерден бет-әлпет пен объектілерін көру қабілеті парейдолия деп аталады. Осы парейдолия адамзатқа өмір сүрудің алғашқы күндерінде аман қалуға көмектесті. Өйткені, өмір үшін күресте жыртқышты байқамай, жем болғаннан гөрі, оны жоқ жерден көріп, аман қалған дұрыс.
Одан кейінгі фотоны да парейдолиямен түсіндіруге болады – онда ұшып бара жатқан періштеге ұқсайтын қауырсын бұлт бейнеленген.
Суреттің өзі шынайы, бірақ бұл онда жерден тыс тіршілік иесі немесе жер тұрғындарына арналған хабарлама жасырылған дегенді білдірмейді.
Жоғарыда айтылғандарды қорытындыласақ, онда таралған хабарлама пайдаланушыларды шатастырады. Бірінші видео мен фото графикалық редакторларда жасалған, ал қалған фотосуреттерде жерден тыс нәрсе бейнеленгенін дәлелдеу үшін адам миының ерекшелігі пайдаланылады.