Фейк: «Бала көтеруді жоспарлап отырған әйелдер егілмеген ерлерді ғана іздеуі керек»
Қазнет қолданушылары профессор Арне Буркхардттың сөзімен бөлісуде. Ол бала көтеруді жоспарлап отырған әйелдер вакцинацияланбаған ерлерді ғана іздеуі керек деген екен. Бұл мәлімдемеге негіз бар ма? Анықтайық.
Алдымен Арне Буркхардттың кім екенін айта кетейік. Ол COVID-19 қарсы вакцинацияны қолдамайтын зейнетке шыққан патологоанатом. Бұған дейін ол вакцинацияның зияны және олардың қасиеттері туралы негізсіз және жалған мәлімдемелер жасаған болатын. Бұл туралы неміс және грек фактчекерлері егжей-тегжейлі жазды.
Демек, Арне Буркхардттың вакцинация туралы мәлімдемелеріне сенудің қажеті жоқ.
Оның вакцинацияланбаған ерлерден ғана бала көтеруге болады деген теориясына келетін болсақ, бұл ғылымға қарсы. COVID-19 қарсы вакциналардың ерлердің фертильділігіне әсерін зерттейтін рецензияланған ғылыми зерттеулер бар. Олардың нәтижелері егу салдарынан аталық жыныс жасушаларының қасиеттері де, саны да өзгермейтінін көрсетті.
Мысалы, 2022 жылдың қазан айында итальяндық ғалымдар COVID-19-ға қарсы егілген 101 ер адамды бақылау барысы сипатталған еңбекті жариялады. Еріктілер вакцинацияға дейін және екінші дозаны алғаннан кейін бір жарым-екі айдан кейін талдау тапсырған. Нәтижелер вакцинацияның еріктілердің фертильділігін төмендетпегенін көрсетті.
Яғни, Буркхардт теориясы дәлелденген медициналық фактілерге қайшы келеді және негізсіз болып табылады.