Медициналық фейктер

Конспирология: «COVID-19 жоқ және болған емес»

Қазнет қолданушылары COVID-19 ауруы жоқ және болған емес деп жазуда. COVID-19 деп тұмау және түрлі улану жағдайларын айтады. Мұның бәрі конспирология.

КВИ деп айтылатын жағдайларды талдап шығайық.

  1. Тұмау.

Шындығында, COVID-19 бен тұмаудың айырмашылықтары өте көп. Ең бастысы, бірінші аурудың қоздырғышы – SARS-CoV-2 коронавирусы, ал екіншісінікі – тұмау вирусының әртүрлі штамдары болып табылатыны. Аурудың инкубациялық кезеңдері, жұқпалылығы, өлім-жітім көрсеткіші және басқа да сипаттамалары да ерекшеленеді.  ПТР сынақтары мен КТ аппараттары болған жағдайда, COVID-19 бен тұмауды шатастыру қиын.

  1. Ауадан улану

Бұл мәлімдеме толығымен химтрейлдер – ұшақтардың улы заттар шашатыны туралы қастандық теориясына негізделген. Теория 1990 жылдары пайда болды және бастапқыда ұшақтар ауа райын өзгертетін заттар шашады деп айтылып келді. Алайда уақыт өте келе теория өзгеріп, оны жақтаушылар ұшақтар адамдарды улап жатыр дей бастады. Пандемия басталғалы теория «қайта жандандырылды», бірақ оған ешқандай дәлел табылмады. Covid-диссиденттер қалаларда ұшатын ұшақтар шашқан заттармен тыныс алған адамдар ауырып қалды деп мәлімдеді. Бұл жағдай расталмады, сондай-ақ кімнің мұны не үшін жасайтыны да белгісіз.

  1. Тамақтан улану

Таралған хабарлама авторы жеуге жарамды вакциналарды әзірлеу жайлы айтқан болар. Бұл көкөніс пен жемісте кездесетін және оларды жеген адамды немесе жануарды аурудан қорғай алатын иммундауға арналған препараттардың бір түрі. Бүгінгі күні нарықта мұндай вакцина жоқ. Оны клиникалық сынақтардан тыс алу мүмкін емес. Демек, белгілі бір тағамды жеу арқылы COVID-19-ды жұқтыруға болады деп айту негізсіз.

  1. Маскадағы у

COVID-19 пандемиясы басталғанда маскалардың уыттылығы мен қауіптілігі туралы теориялар танымал болды. Олардың барлығы жоққа шығарылды. Маскалар улы емес, аурудың дамуына әкелмейді және COVID-19 жұқтыруға ықпал етпейді.

  1. Дәрі-дәрмектегі у

Автор қандай дәрі-дәрмек туралы айтып отырғанын нақтыламағандықтан, бұл мәлімдемелерді тексеру мүмкін емес. Алайда, COVID-19 қоздырғышы SARS-CoV-2 коронавирусы екенін атап өткен жөн.  Бұл ауруды басқа ештеңе тудырмайды. Әлемде бұл коронавирус жалпы және инактивтендірілген түрде ешқандай дәрі-дәрмектің құрамында жоқ.

Қорыта айтқанда, таратылған хабарлама – фейк. Мұндай жалған хабарламалар сирек кездеспейді. Психологтардың пікірінше, кейбір адамдар үшін қауіпті аурудың болуын жоққа шығару – бұл олар үшін алаңдаушылықты басудың жалғыз әдісі. Алайда, оның салдары ауыр болуы мүмкін, яғни оны ұстанбаған жөн. 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button