Фейк: «Қазақстан Ресейге әскери техника жөнелтуде»
Әлеуметтік желілерде әскери техниканың қозғалысы түсірілген видео тарады. Ол Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің келісімі бойынша Қазақстаннан Ресейге бара жатыр екен. Бұл олай емес.
ҚР Қорғаныс министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
– Ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл қазақстандық техниканы Ресей Федерациясына жіберу барысы емес, – деп түсіндірді ведомствоның баспасөз қызметі.
Сондай-ақ министрліктің хабарлауынша, қазіргі уақытта Қазақстанда ҰҚШҰ-ның бірлескен оқу-жаттығуларына арналған техниканы жөнелту жұмыстары жүріп жатқанын хабарлады. Оқу-жаттығулар туралы ақпарат ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми сайтында жарияланған. Шара 2022 жылғы 26 қыркүйектен 8 қазанға дейін Жамбыл және Алматы облыстарында өтеді. Оған ҰҚШҰ-ның ұжымдық жедел ден қою күштерінің «Өзара іс-қимыл-2022», «Іздеу-2022», «Эшелон-2022» қатысады.
– Осыған байланысты елімізге Ұйымға мүше мемлекеттердің әскери контингенттері келеді. Әскери техниканың қозғалысы теміржол, әуе көліктерімен және дөңгелекті техникамен жүзеге асырылады. Бұл тұрғыда азаматтарды әлеуметтік желілерде таралатын түрлі қауесеттерге ермеуге, тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз», – делінген хабарламада.
Баршаңызды тек ресми ақпаратқа ғана сенуге шақырамыз.