Алаяқтық: «Halyk Bank азаматтардың табысын арттыру платформасын іске қосты»
Әлеуметтік желілерде Halyk Bank азаматтардың табысын арттыруға арналған платформаны іске қосқаны туралы ақпарат тарады. Ол арқылы үш күнде адамдар миллион теңгеге дейін ала алады. Бұл жалған.
Шын мәнінде, жарнаманың Halyk Bank-ке ешқандай қатысы жоқ.
Бұл туралы банктің клиенттерді қолдау қызметі хабарлады.
– Бұл – алаяқтардың ісі. Олар өздерін түрлі банк қызметкерлері деп таныстырады. Сақ болыңыздар, белгісіз сілтемелер бойынша өтпеңіздер және картаның деректерін, смс кодтарды және басқа да құпия ақпаратты көрсетпеңіздер, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ банктің ресми сайтында әрбір үш күн сайын миллион теңгеден алуға мүмкіндік беретін платформа туралы ештеңе жазылмаған.
Алаяқтар өз мақсаттарына жету үшін Halyk Bank атауын бұған дейін де пайдаланып келген. Біз банкке инвестиция салуға және сыйақы үшін сауалнамадан өтуге шақыратын фейктерді жоққа шығарған болатынбыз.