Fake News

Ипотекалық несиелердің кешірілетіні туралы хабарламалар – фейк

Әлеуметтік желілерде Қазақстанда жалғыз баспанасы бар ипотекалық қарыз алушылар үшін кредиттік рақымшылықтың үшінші кезеңі басталғаны туралы хабарлама жарық көрді. StopFake.kz порталы ҚР Ұлттық банкіне хабарласып, түсініктеме алды. Орталық банк бұл ақпаратты жоққа шығарды.

22 қыркүйекте Қазақстан Ұлттық банкі мен ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі валюталық ипотекалық қарыз алушылар үшін қайта қаржыландыру бағдарламасына енгізілетін түзетулерді бекітті. Енді төлемдер бойынша жеңілдіктер көп адамға жасалады. Алайда, оның кредиттік амнистияға еш қатысты жоқ.

– «Кредиттік амнистия» тұжырымы дұрыс емес, бұл рақымшылық емес. Жақында енгізілген түзетулерде қарыз алушылар үшін қосымша жеңілдіктер қарастырылған. Бірақ ипотекалық несиелерді кешіру туралы айтылмаған, – деп хабарлады ҚР Ұлттық банкінің сыртқы коммуникациялар бөлімінің басшысы Әсел Тынышбекова.

Жаңа түзетулер еңбекке жарамсыздыққа алып келетін әлеуметтік маңызы бар аурулардың жекелеген түрлері бар азаматтарға қарыздарды қайта қаржыландыруға мүмкіндік береді. Несиені жұбайы, күйеуі немесе жақын туысы болып табылатын кепіл берушілері мен кепілгерлері халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын қарыз алушылар қайта қаржыландыра алады. Түзетулерге сәйкес, ипотекалық қарызды қайта қаржыландырғаннан кейін халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілі мәртебесін алғандар үшін борыштық жүктемені төмендету көзделген.

Сонымен қатар, жаңа ережелер «Астана банкі» АҚ немесе «БТА банк» АҚ балансына өткен жалғыз тұрғын үйді меншікке қайтаруға және банктер күмәнді активтерді басқару жөніндегі ұйымға берген тұрғын қайтаруға да қатысты.

Толық мәтінмен және ережемен мына сілтеме бойынша танысуға болады.

Алдын ала бағалау бойынша, түзетулердің нәтижесінде бағдарлама 5000-ға жуық қарыз алушыны қосымша қамтуға мүмкіндік береді. Олардың борыштық жүктемесі төмендейтін жалпы сома шамамен 50 млрд теңгені құрайды.

 

Фейктерді әшкерелеу – біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button