Жаңалықтар

Фейк: «Бюджеттік қызметкерлерге «Қазақстан халқына» қорынан 90 000 теңге төленуі тиіс»

Желіде «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорына тиесілі сайт пайда болды. Онда дәрігерлерге, ғылыми қызметкерлер мен мұғалімдерге төленетін әлеуметтік төлемдер туралы хабарландыру жарияланған. 90 000 теңге алу үшін сайтта жеке мәліметтерді қалдыру керек. Бұл – алаяқтардың ісі.

Қордың ресми сайтында алаяқтар туралы ескерту бар:

«Қазақстан халқына» қоры бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне кепілдендірілген әлеуметтік төлемдер тағайындамайды. Жеке мәліметтерді алаяқтарға бермеуіңізді сұраймыз. Бұл интернет-алаяқтықтың бір түрі, оның мақсаты – жеке мәліметтерді иемдену үшін пайдаланушылардың құпия деректеріне қол жеткізу. Тіркелмеңіз және жеке мәліметтерді жазбаңыз! «Қазақстан халқына» ҚҚ бұл әрекеттердің салдары үшін жауап бермейді», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ бюджет қызметкерлеріне төленетін төлемдер туралы жазылған сайттың доменіне назар аударған жөн -. com. Демек, портал қазақстандық домендік аймақтан тыс орналасқан. Қордың ресми сайтының домені .kz.

Сонымен қатар жалған платформада қор туралы ақпарат та, жаңалықтар, қор бағдарламалары, өтінім беру жөніндегі нұсқаулық және ұйымның қызметіне тікелей қатысы бар басқа да ақпарат ұсынылған бөлімдер туралы ешқандай ақпарат жоқ.

Қорыта айтқанда, бюджет қызметкерлеріне 90 000 теңге мөлшерінде төленетін төлемдер туралы ақпарат – фейк, ал «Қазақстан халқына» қорының платформасы ретінде ұсынылған сайт жалған.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button