Fake News

Фейк: «Pfizer/BioNTech вакцинасы удан және уытты заттардан тұрады»

Қазнетте доктор Рамин Имановтың Pfizer/BioNTech компанияларының COVID-19 қарсы вакцинасының құрамын «талдауы» кеңінен таралуда. Оның пайымдауынша, препарат құрамында баяу әсер ететін у мен агрессивті қатерлі ісік тудыратын бірден үш зат бар. Бұл өтірік.

Рамин Иманов – украиналық дәрігер. Ол Желі қолданушыларына COVID-19, осы ауруға қарсы вакциналар туралы ғылымға қарсы мәлімдемелерімен және ауаға улы заттар шашу – химтрейлдер жайлы конспирологиялық теорияны қолдайтынымен белгілі. Бұған дейін оның идеяларын фактчекерлер жоққа шығарған болатын.

Фейк: «COVID-19 – бұл улану, ал Sars-CoV-2 вирусы жоқ»

Pfizer/BioNTech компанияларынан вакцинаның таралған «талдауы» толықтай ғылымға қарсы. ((4-Гидроксибутил)азанедиил)бис(гексан-6,1-диил)бис(2-гексилдеканоат) – бұл ALC – 0315 деген атаумен де белгілі зат. Доктор Имановтың айтуынша, бұл әрқайсысы баяу әрекет ететін үш улы зат. Шын мәнінде, ALC-0315 – бұл у емес, вакциналар құрамындағы мРНҚ молекулаларының айналасында қорғаныс гидрофильді қабатын құрайтын липид. Ол сақтау кезінде препараттарды тұрақтандыру және ақуыздармен спецификалық емес байланыстарды болдырмау үшін қажет. ALC-0315 липиді улы емес және оны у деп санауға болмайды. 
Иманов жазған N-дитетрацилацетамид те липид болып табылады және ALC-0159 деген атпен белгілі. Ол да вакциналарды тұрақтандыру үшін қажет және улы емес. 
DSPC деген атаумен белгілі 1,2-Дистеарол-sn-глицеро-3 – фосфохолин де жасуша мембраналарында кездесетін липид. Бұл зат адамдар үшін қауіпті емес. Сондай-ақ, оның көмегімен заманауи ғалымдар онкологиялық ауруларды емдейтін дәрі әзірлеуде.
Pfizer/BioNTech вакцинасының құрамында холестерин бары рас. Рамин Иманов өз жазбасында дәрігерлерден холестеринді адамдарға не үшін егетінін сұрап, бұл ағзаға зиян тигізуі мүмкін дегенді меңзейді. Шын мәнінде, вакциналарда бұл заттың болуында құпия және жасырын ештеңе жоқ. Холестерин липидті тұрақтандырғыш ретінде қажет. Бұл вакцинаны ұзақ сақтауға және қасиеттерін жоғалтпауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ вакцинаның бір құтысында 0,2 мг холестерин барын атап өткен жөн. Естеріңізге сала кетейік, бір құтыда 6 доза болады. Яғни, вакцинаның бір дозасындағы холестерин мөлшері аз және оның ешқандай зияны жоқ. 
Сонымен қатар доктор Иманов вакциналар құрамына кіретін полиэтиленгликольде агрессивті қатерлі ісік тудыратын графен оксиді бар деп жазады. Бұл ғылымға қарсы. Полиэтиленгликоль 2000 немесе PEG 2000 – бұл препарат сапасына зиян келтірмей сақтауға мүмкіндік беретін қосымша зат, тұрақтандырғыш. Бұл заттың химиялық формуласы (C2H4O)nH2O. Графен оксиді – көміртектің аллотропты модификациясының оттегімен қосындысы. Оны GO латын әріптерімен белгілейді. COVID-19-ға қарсы вакциналардың құрамында ол жоқ. PEG 2000 және графен оксиді – бұл қасиеттері, сипаттамалары әртүрлі және бір-бірін алмастыра алмайтын екі түрлі зат.

Одан әрі Рамин Иманов постында вакциналардың құрамына кіретін қосымша заттарды атап шығады және олардың ешқайсысы коронавирусты емдемейді деп жазады. Бұл мәлімдеме манипуляциялық және дұрыс емес. Өйткені, вакциналар дәрі емес және олар ауруды емдемейді. Вакциналар – бұл ауруды жұқтырмас бұрын егілетін профилактикалық құрал. Олар патогендерге антиденелер қалыптастыруға мүмкіндік береді, нәтижесінде ауру дамымайды. Қосымша заттар әр вакцинада болады. Олар препараттарды ұзақ сақтау мерзімін қамтамасыз ету, препаратқа аллергиялық реакциялардың болу ықтималдығын азайту және ағзаның иммундық реакциясын күшейту үшін қажет. 
Демек, «талдау» толықтай жалған. Ондағы химиялық элементтер дұрыс аталмаған және олардың қасиеттері адамдарды қорқыту үшін ойдан шығарылған.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button