Фейк: «Қытайда метапневмовирустың өршуі COVID-19 да қауіпті»
Әлеуметтік желілерде Қытайда жаңа вирустың өршіп тұрғаны туралы ақпарат тарады. Жергілікті халық арасында тараған адам метапневмовирусы (hMPV) коронавирустық инфекциядан әлдеқайда қауіпті екен. Бұл шындыққа жанаспайды.
Адам метапневмовирусы – кең таралған респираторлық вирус. Ол төменгі және жоғарғы тыныс алу жолдарының ауруын тудырады. Вирус барлық жастағы топтардағы адамдарға әсер етеді, дегенмен, жас балалар, қарттар және иммундық жүйесі әлсіреген адамдар арасында ауру жұқтыру және оның ауыр ағымының болу қаупі жоғары.
Адам метапневмовирусы алғаш рет 2001 жылдың соңында Нидерландтағы пациенттен оқшауланған. 2018 жылға қарай вирустың екі генотипі (А және В сызықтары) анықталды, олардың әрқайсысының екі субтипі болған.
Адам метапневмовирусы әлемде кең таралған. Мамандардың пікірінше, ол адамдар арасында кем дегенде 1950 жылдардың соңынан бастап таралып келеді. Вирус жыл бойы белсенді, бірақ маусымдық ауытқуы бар.
Мысалы, Ресейде метапневмовирустық этиологиядағы ЖРВИ-дің екі эпидемиялық маусымы байқалады: қараша айында, ол қыстың соңына дейін жалғасады және мамырда .
Аурудың таралуының негізгі жолы – ауа-тамшы, байланыс және тұрмыстық тәсіл.
Метапневмовирустық инфекцияның белгілері суық тиюге, тұмауға және басқа респираторлық инфекцияларға ұқсас: жөтел, мұрыннан су ағу, тамақ ауруы және температураның жоғары болуы.
Аурудың жеңіл түрімен ауырған адамдардың көбі дәрігерге бармай-ақ жазылады, өйткені ауру өздігінен кетеді. Симптомдарды жеңілдету үшін үйде ем шара жүргізуге болады. Алайда, симптомдар күшейсе, ентігу, қатты жөтел немесе өкпенің сырылы пайда болса, дәрігерге жүгіну керек. Ауыр жағдайларда hMPV бронхитке немесе пневмонияға әкелуі мүмкін, әсіресе балаларда.
Айта кетерлік жайт, 10 жасқа дейінгі балалардың бәрінде осы вирусқа қарсы иммунитет қалыптасады. Қайталанатын аурулар ағзаның әлсіреуіне, иммунитеттің төмендеуіне немесе вирустың жаңа штаммының шығуына байланысты пайда болуы мүмкін.
Әлеуметтік желілерде тараған ауруханаларда адамдардың көптігі туралы мәлімдемелерге қарамастан, ресми есептер жағдайдың ауыр екенін растамайды. Қытайдың ұлттық ауруларды бақылау және алдын алу басқармасы (NCDPA) 16-22 желтоқсан аралығында респираторлық инфекциялардың айтарлықтай артқанын тіркеді. NCDPA өкілі Кан Бяоның айтуынша, қыс және көктем мезгілдерінде респираторлық аурулардың көбеюі күтілсе де, биылғы жағдайлардың жалпы саны 2024 жылмен салыстырғанда төмен болады деп болжануда.
Бейжің hMPV өршуі COVID-19 пандемиясы секілді болады деген алаңдаушылықты сейілту үшін баспасөз хабарламасын шығарды. Қытай Сыртқы істер министрлігінің өкілі Мао Нин «респираторлық инфекциялар әдетте қыс мезгілінде шарықтау шегіне жетеді» деп атап өтті.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайда вирустың өршуіне қатысты әлі ресми мәлімдеме жасаған жоқ. ДДҰ да, Бейжің де төтенше жағдай жариялаған жоқ.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі елімізде метапневмовирустың таралуына қатысты түсініктеме берді.
«Адам метапневмовирус штамдары Қазақстанда ЖРВИ және тұмау ауруларының маусымдық өсуі кезеңінде кеңістікте белсенді айналымда болатын инфекциялардың басқа түрлерімен қатар анықталды.
Денсаулық сақтау министрлігі халықты профилактика шараларын сақтауға және адамдар көп жиналатын жерлерде байланыстарды шектеуге шақырады, бұл әсіресе созылмалы аурулары бар ең осал пациенттерге қатысты», – делінген ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайтындағы хабарламада.
Демек, Қытайда өршіген hMPV ауруы COVID-19 да қауіпті екендігі туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Метапневмовирус – бұл маусымдық респираторлық инфекция. Ол коронавирус сияқты жаһандық қауіп төндірмейді. Қазақстанда метапневмовирус ауруы тіркелді, алайда олардың саны көп емес. Осыған қарамастан, ведомство жағдайды бақылауды жалғастыруда және азаматтарды алдын алу шараларын сақтауға шақырады.