Оқушылардың орналасқан жері туралы есеп беру талабы расталған жоқ
Әлеуметтік желілерде ата-аналар «Қарағандылық білім бөлімінің жаңа талаптары туралы» хабарламаны талқылауда. Оған сәйкес, мұғалім барлық ата-аналарды күніне үш рет баланың қайда екендігі туралы хабарлауға міндеттеген.
«Біздің мұғалім таңертең, түстен кейін және кешке баламыздың қайда екендігі туралы хабарлап отыруымызды сұрады, бұл Қарағанды қалалық білім бөлімінің талабы дейді, біртүрлі екен …Басқа мектептерде де осылай ма?» – деп жазады хабарлама авторы.
Stopfake.kz редакциясы Қарағанды қаласының білім бөліміне жолдаған сауалға берілген ресми жауапта ата-аналардан тұрақты есептер жинау туралы талаптар қойылмағандығы жайлы айтылған. Бірақ мұғалімдер оқушылардың онлайн-сабақтарға қатысуын қадағалауы тиіс.
«Сынып жетекшісінің міндеттеріне оқушылардың сабаққа қатысуын бақылау жатады. Қазіргі уақытта оқыту қашықтықтан жүргізілетіндіктен, сынып жетекшілері де балалардың оқу процесіне қатысуын қадағалауы тиіс, егер оқушы тапсырмаларды орындамаса, бейнесабақтарға және жұмыстың басқа да түрлеріне қатыспаса, сынып жетекшісі ата-аналармен бірлесіп жеке жұмыс жүргізуге, баланың режимін бақылауға және т.б шараларды қолға алуға тиіс» – деп түсіндірді қалалық білім бөліміндегілер.