Fake News

Фейк: «COVID-19 қарсы жаңа, аса қауіпті вакцина жасалып жатыр»

Желіде АҚШ пен Ұлыбритания бірлесіп аса қауіпті жаңа COVID-19 қарсы вакцина жасауда деген ақпарат тарады. Бұл шын ба? Тексерейік.

Қазір қолданылып жатқан COVID-19 қарсы вакциналардан басқа, әлі де әзірленіп жатқан вакциналар бар. Бұл құпия емес. Мұндай вакциналар үміткер вакциналар деп аталады. Бүгінгі таңда жалпы саны – 220. Олардың бәрі клиникалық немесе клиникаға дейінгі сынақтардың әртүрлі кезеңдерінде. Оның кейбіреулері Ұлыбритания мен АҚШ-та өтіп жатыр.
Аталған елдерде сынақтан өтіп жатқан препараттар тізімінде АҚШ пен Ұлыбритания бірлесіп әзірлейтін вакцина жоқ. Алайда, қазіргі уақытта Ұлыбританияда Манчестерде америкалық Gritstone Bio компаниясы шығарған GRT- R910 препараты клиникалық зерттеулердің бірінші кезеңінен өтіп жатыр. 
Бұл — өздігінен амплификацияланатын мРНҚ платформасында жасалған бустерлік вакцина. Ондағы патогеннің мРНҚ-сы өзін-өзі көшіре алады, бұл белсенді зат концентрациясын барынша арттыра отырып, енгізілетін препараттың дозасын едәуір азайтуға мүмкіндік береді. Өз кезегінде, бұл иммундық реакцияны күшейтуге және болашақта тұрақты иммунитет қалыптастыруға жол ашады.
Сонымен қатар вакцинада SARS-CoV-2 коронавирусының әртүрлі нұсқаларына қарсы иммунитетті дамытатын тікенекті ақуыздарға да, вирустың басқа да ақуыздарына антиген бар.
Екпе осыған дейін AstraZeneca шығарған вакцинаның екі дозасымен егілген 60 жастан асқан адамдарға арналған. Ғалымдардың пікірінше, бұл комбинация ең сенімді қорғанысты қамтамасыз етеді.
Препарат аса қауіпті деп айтуға негіз жоқ, өйткені бүгінгі күні бұл болжамды жанама түрде растайтын деректер жоқ.
Вакцина зертханалық және клиникаға дейінгі сынақтардан өтті, сондай-ақ мамандардың күмәнін тудырмады.
Өздігінен амплификацияланатын мРНҚ технологиясы жаңалық емес. Оны зерттеу жұмыстары COVID-19 пандемиясына дейін жүргізілген. Мысалы, АҚШ ұлттық денсаулық сақтау институты кітапханасының веб-сайтында 2015 жылғы осы технологияға арналған жұмыстарды көруге болады.
Сонымен қатар осы жылдың сәуір айында дәл осындай принциппен жасалған вакцина адамдарда сыналды. Бұл – Arcturus Therapeutics компаниясының препараты. Зерттеудің алдын ала нәтижелері вакцинаның аурудың ауыр ағымына қарсы 95% тиімді екенін көрсетті. Сынақтар барысында елеулі жанама әсерлер анықталған жоқ. 
Бұқаралық ақпарат құралдарында АҚШ пен Ұлыбритания бірлесіп әзірлейтін вакциналар туралы басқа ақпарат жоқ. Сондай-ақ мұндай вакцина болса да, ол адамдарды құтқару үшін емес, өлтіру ниетімен жасалады деп айтуға негіз жоқ. Демек, таратылған ақпарат — фейк.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button