Фейк: «Вакцинацияланған балалар COVID-19-дың ауыр түрімен жиі ауырады»
Әлеуметтік желілерде алты айдан бес жасқа дейінгі балаларға арналған Pfizer вакцинасының клиникалық зерттеулерінің мәліметтері вакцинацияланған сәбилердің плацебо қабылдағандарға қарағанда COVID-19-дың ауыр түрімен жиі ауыратынын көрсетті. Бұл теорияны талқылап, оның неге шындыққа жанаспайтынын түсіндіріп өтейік.
Алты айдан бес жасқа дейінгі балаларға арналған Pfizer вакцинасының қауіпсіздігі мен тиімділігі туралы пікірталас осы жылдың 15 маусымында АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын санитарлық бақылау басқармасы (FDA) шығарған препаратты мақұлдаудан туындады.
4 шілдеде Wall Street Journal порталы журналист Алиса Финлидің пікірі жазылған бағана жариялады, онда ол Pfizer вакцинасының клиникалық сынақтары кезінде вакцинацияланған балалар аурудың ауыр түрімен жиі ауырғанын айтқан.
Оның FDA-ның вакцинаның сынақ деректерін бағалау туралы есебіне сүйене отырып, осындай қорытынды жасағаны белгілі. Алайда, есепті мұқият оқып шықсақ, оның дұрыс түсіндірілмегені анық болады.
FDA-ның ресми сайтында жарияланған құжатқа сәйкес, сынақ критерийлеріне сәйкес ауыр деп есептелген барлық жағдайлар вакцинаның екінші дозасын алғаннан кейін болды, ал алты айдан алты жасқа дейінгі жас тобына үш доза егу қажет. Яғни, ауру ағымы ауыр болған балалар толық вакцинациядан өтпеген.
Аурудың сегіз ауыр жағдайы тіркелді. Олардың екеуі плацебо алған топта, алтауы вакцина салдырғандар тобында болды. Олардың ішінде бір ғана жағдайда бала ауруханаға жатқызылды. Медициналық зерттеулерге сәйкес, екі жасар қызда COVID-19 ғана емес, сонымен қатар 3 типті парагрипп болған. Ол ауруханада үш күн емделіп, жазылған соң шығарылған, ӨЖЖ аппаратына қосылмаған. COVID-19 ауыр ағымы тіркелген қалған жеті жағдайда балаларды ауруханаға жатқызу қажеттілігі болмаған.
Бұл ретте дәл сол есепте вакцинаның үшінші дозасын алғаннан кейін COVID-19 ауырудың ауыр жағдайлары мүлдем тіркелмегені айтылған. Жалпы, препараттың үшінші дозасын алғаннан жеті күн өткен соң вакцинацияланған балалар тобында ауру жұқтырудың 3 жағдайы және плацебо тобында 7 жағдайы тіркелді.
Жалпы, FDA, АҚШ ауруларды бақылау және алдын алу орталығының және басқа да ұйымдардың мамандары вакцинаның клиникалық сынақтарын сәтті деп бағалады және COVID-19 қарсы вакциналар алты айдан бес жасқа дейінгі балалар үшін қауіпсіз және тиімді деген пікірмен келіседі.
Рецензияланған Nature ғылыми журналындағы мақалаға сәйкес, вакцина алған балаларда жағымсыз реакциялар өте сирек болған. Алты айдан 23 айға дейінгі топтағы балаларда дене температурасының көтерілуі препарат алған қатысушылардың 6,8%-ында, плацебо алған еріктілердің 5.9%-ында тіркелген. Екі жастан төрт жасқа дейінгі топтан вакцина алғандар арасында қатысушылардың 5,1%-ы және плацебо салдырған балалардың 4,2%-ы жоғары температура туралы хабарлаған.
Йель университетінің мәліметі бойынша, Pfizer вакцинасының бес жас және одан кіші жастағы балаларда COVID-19 белгілерінің алдын алу тиімділігі 80,3% құрады.
Осылайша, вакцинацияланған балалар COVID-19-дың ауыр түрімен жиі ауырады деген тұжырым дұрыс емес. Ол ашық деректерді дұрыс түсіндірмеген бір адамның пікіріне негізделген. Вакцинаның үш дозасын алған клиникалық зерттеулерге қатысушылар арасында COVID-19-дың ауыр ағымы болмаған.