Медициналық фейктер

Фейк: «Қатерлі ісік ауруын күн сәулесімен және вегетариандық диетамен емдеуге болады»

Қазақстандықтар ағылшын тілді ортада танымал доктор Лорейн Дэйдің идеяларын талқылауда. Оның айтуынша, қатерлі ісіктен күн сәулесінің, диетаның және дұға оқудың көмегімен толықтай жазылуға болады, бірақ дәрі қабылдауға болмайды, өйткені одан науқастың халі нашарлайды. Мұның бәрі – қауіпті фейк.


Алдымен Лорейн Дэйдің кім екенін қысқаша айтып өтейік. 80-ші жылдардың соңы мен 2000-шы жылдардың басында ол өз кітаптары мен видео курстарын белсенді сатумен айналысып, күн, диета және дұғалардың арқасында сүт безі қатерлі ісігінен айыққанын айтты. Алайда, оның емдеу әдістерінің белсенді жарнамалық науқаны басталғаннан кейін көп ұзамай Лорейн Дэй екі рет ота жасатады, бірақ олардың толық нәтижелері белгісіз. Сарапшылардың пікірінше, оның «ғажайып» сауығуы революциялық емнің емес, оған операция жасаған хирургтардың кәсібилігінің нәтижесі. 2004 жылы АҚШ-тың жарнама жөніндегі ұлттық комиссиясы доктор Дэй таратқан идеяларды ресми түрде адамдарды адастырады деп таныды және оған вегетариандық диета қатерлі ісік ауруының қаупін 33% төмендетеді және химиотерапия «ешкімге әсер етпейді» деп өз өнімдерін жарнамалауға тыйым салды. 
Мұның бәрі Лорейн Дэйдің сөзіне деген сенімге және құзыреттілік деңгейіне нұқсан келтіреді.
Бүгінгі күні күн сәулесі, дәлірек айтқанда, одан өндірілетін D дәрумені адамдарда онкологиялық аурулардың пайда болу қаупін аздап төмендетеді деп жүз пайыз сенімділікпен айтуға мүмкіндік беретін рецензияланған және ауқымды клиникалық зерттеулер бар.
Ал күн сәулесіне келетін болсақ, күннің астында жиі және тым ұзақ жүргенде, тері қатерлі ісігінің дамуына ықпал етеді. 
Еттен бас тарту да сенімді алдын алу шарасына жатпайды және онкологиялық ауруларды емдеудің жолы емес.
Осы жылдың ақпан айында Оксфорд университетінің ғалымдары жүргізген зерттеу көрсеткендей, ет жейтіндерге қарағанда вегетариандар арасында қатерлі ісіктің барлық түрлерінің даму қаупі 8-10% төмен. Алайда, зерттеушілер өсімдік негізіндегі диетаны ұстанатын адамдар арасында темекі шегушілер әлдеқайда аз екенін, сондықтан қорытынды нәтиже әділ болуы үшін өкпе қатерлі ісігі ескерілмегенін атап өтті. Осыдан кейін вегетариандар мен ет жейтіндер тобында онкологиялық аурулардың аурушаңдық көрсеткіштері теңесті, демек диетаның өмір салты мен жаман әдеттерге қарағанда онкологияның алдын алуда атқаратын рөлі төмен.
Демек, доктор Лорейн Дэйдің мәлімдемелеріне сенудің қажеті жоқ. Оның қатерлі ісік ауруын емдеу әдістері мүлдем дәлелденбеген, өзекті ғылыми мәліметтерге қайшы келеді және жаңылыстырады.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button