Фейк: «Вакциналар радиацияның әсеріне ұқсас ДНҚ мутациясын тудырады»
Әлеуметтік желілерде қазақстандықтар COVID-19-ға қарсы вакциналар хромосомаларда радиацияның үлкен дозаларымен сәулелену салдарына ұқсас мутация тудырады деп мәлімдеген Сергей Торгунаковтың сөздерін талқылауда. Оның айтуынша, препараттарда Т-ДНҚ және ақуыз антиденелері бар. Мұның бәрі өтірік.
Бұл ретте бірінші кезекте Сергей Торгунаковтың өмірбаянына тоқталу керек. Ол аграрлық университетті бітірген және мамандығы бойынша агроном, селекционер және генетик болып табылады. 1999 жылы аспирантураға түскен, бірақ оны бітірмеген. Таратылған ақпаратта айтылғандай, оның Новосібір цитология генетика институтында жұмыс істегені туралы мәліметтер жоқ. Бірақ 2015 жылғы 24 қарашада Сергей Торгунаковты психиатр-дәрігерлер комиссиясы тексеріп, «Параноидтық синдром» диагнозымен оны психиатриялық ауруханаға жатқызу туралы ашық ақпарат бар. Сонымен қатар, дәрігерлер Торгунаковтың мінез-құлқы «болжау мүмкін емес және басқаларға қауіп төндіреді» деген қорытынды жасады. Сондай-ақ, Сергей Торгунаков өзін Исаның реинкарнациясы деп санайды, тіпті үлкен қарыздары бар банктерді «апокалипсис» ұйымдастырамын деп қорқытқан.
Оның COVID-19 қарсы вакциналар туралы тұжырымдары мүлдем негізделмеген және мағынасыз.
Біріншіден, бүгінгі күнге дейін қолданылған КВИ қарсы вакциналардың бірде-біреуінде Т-ДНҚ жоқ. Pfizer/BioNTech және Moderna шығарған екі препарат мРНҚ негізінде әзірленген. Т-ДНҚ мен мРНҚ арасында бірқатар маңызды айырмашылық бар. Біріншіден, ДНҚ мен РНҚ молекулалары құрылымы бойынша ерекшеленеді. Қарапайым тілмен айтқанда, ДНҚ – қос спираль, ал РНҚ – жалғыз. Олар әртүрлі қанттардан тұрады, ұзындығы мен функциялары әртүрлі. Т-ДНҚ – немесе трансферлік ДНҚ, геномды тасымалдау және біріктіру қызметін атқарады. М-РНҚ немесе матрицалық РНҚ – ақуыз синтезі үшін ДНҚ құрамындағы генетикалық ақпаратты тасымалдайды.
ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің сайтында COVID-19 қарсы вакциналарда Т-ДНҚ-ның жоқтығына көз жеткізуге болады. Онда Қазақстанда тіркелген вакциналардың толық тізімі, соның ішінде Pfizer/BioNTech өндірген М-РНК препараты, олардың құрамы, фармакологиялық қасиеттері, қарсы көрсетілімдері және басқалары келтірілген.
Сергей Торгунаков жазған ақуыз антиденелері COVID-19 қарсы вакциналарда жоқ. Вакцинаның түріне байланысты белсенді зат инактивтендірілген вирус, вирустық вектор және SARS-CoV-2 коронавирусының немесе патогеннің м-РНҚ ақуызын кодтайтын ген болуы мүмкін. Осы жағдайлардың барлығында вирус антиденелері вакцина алған адамның иммундық жүйесі арқылы қалыптастырылады.
COVID-19-ға да, басқа ауруларға да қарсы қолданыстағы вакциналардың ешқайсысы геномдық мутация тудыруы мүмкін емес. Адамның ДНҚ-сы жасушалардың ядроларында сақталады, онда вакцина компоненттері енбейді.
Қорыта айтқанда, Сергей Торгунаковтың вакциналар туралы сөздері шындыққа жанаспайды және жалған болып табылады.