Фейк: «Векторлық вакциналар – бұл гендік терапия»
Instagram – да қазақстандықтар векторлық вакциналар гендік терапияның бір түрі екенін дәлелдейтін видеролик таратуда. Бұл «дәлел» «Википедиядан» алынған мақалаға негізделген, оны ролик авторы әдейі дұрыс түсіндірмейді.
Видео авторы оқып отырған «Википедиядағы» вирустық векторлар туралы түпнұсқа мақалада вирустық векторлар «гендік терапия және вакциналар жасау үшін қолданылады» делінген. Алайда, роликте вакциналар туралы бөлігі оқылмайды. Бұдан әрі мақала мәтінінде гендік терапия мен вакциналар өндірісінде вирустық векторларды қолдану әр түрлі тарауларда сипатталғаны да назардан тыс қалады. Олар осы мақсаттар үшін әртүрлі вирустық векторлар мен әртүрлі технологиялар қолданылатынын айтады.
Атап айтқанда, COVID-19 қарсы вакциналар жасау үшін тек аденовирустық векторлар ғана қолданылды. Мысалы, AstraZeneca препаратында ChAdOx1 аденовирустық векторы бар. Johnson & Johnson компаниясы шығарған вакцинаның негізі бұрын Эбола вирусына қарсы вакцина өндірісінде пайдаланылған adv26 аденовирустық векторы болып табылады.
Sputnik-V, Sputnik-M және Sputnik-light вакциналары Ad26 және Ad5 аденовирустық векторлар платформасында жасалған. Ad5 векторы қытайлық CanSino препаратында да негізге алынды.
Айта кетейік, жоғарыда аталған барлық препараттардың ішінде Қазақстанда тек Sputnik-V, Sputnik-M және Sputnik-light қана тіркелген.
Вакциналар жасау үшін аденовирустық векторлардың қолданылуы кездейсоқ емес. Аденовирустар адамзатқа бұрыннан белгілі және жердегі әрбір адам өмірінде кемінде бір рет аденовирус инфекциясын жұқтырған. Аденовирустар көбінесе суық тиюді тудырады. Сондай-ақ бронхит, пневмония, фарингит, конъюнктивит және басқа да ауруларды тудыруы ықтимал.
Белгілі аденовирустардың ешқайсысы геномға ешқандай өзгеріс енгізе алмайды немесе оған басқа жолмен әсер етпейді. Сондықтан аденовирустық векторлар таңдалды – басқа қоздырғыштардың вирустық векторларымен салыстырғанда аденовирустар қауіпсіздігімен және адам ағзасында күшті иммундық реакция тудыру қабілетімен ерекшеленді.
Аденовирустық векторлар негізінде қатерлі ісікке қарсы вакциналар да жасалады.
COVID-19-ға қарсы аденовирустық вакциналар келесідей жұмыс істейді: Аденовирустық вектор, яғни көбейю қабілеті жоқ аденовирус SARS-CoV-2 коронавирусының «шыбықтарын» құрайтын S ақуызын кодтайтын генді тасымалдайды. Бұл ген рибосомаларға түскен соң жасушалар коронавирустың S-ақуызын өз бетінше қалыптастырып, оларды жасушаның бетіне шығара бастайды. Осыдан кейін иммундық жүйе бұл ақуыздарды бөтен деп таниды және оларға антиденелер қалыптастырады. Бұл антиденелер ағзада ұзақ уақыт сақталады, нәтижесінде иммундық жүйе ауру жұқтырған жағдайда вируспен тиімді күресуге мүмкіндік береді. Вакцинаның компоненттері тек рибосомаларға, ДНҚ сақталатын ядродан тыс орналасқан жасуша органеллаларына ғана жететінін атап өткеніміз жөн. Вакцина ядроға кірмейді, сондықтан адамның генетикалық кодымен өзара әрекеттеспейді.
Демек, таратылған видеода көпшілікке қол жетімді мақаламен манипуляциялау және әдейі бұрмалау белгілері бар. Ролик аденовирустық векторлар платформасында жасалған вакциналар гендік терапия құралы екенін дәлелдемейді.