Интернет-алаяқтар ірі компанияның атынан жалған ұтыс ойынын өткізу арқылы қазақстандықтарды алдауда
Қазақстандықтарға сауалнама толтырып, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ атынан 100 000 теңге ұтып алу ұсынылды. Бұл интернет-алаяқтардың ісі.
Компания мұндай акцияларды өткізіп жатпағанын хабарлады.
– Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде ҚазМұнайГаз атынан науқан өткізу туралы жалған ақпарат таратылуда. Іс жүзінде біз әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде сауалнамалар арқылы ешқандай акция өткізіп жатқан жоқпыз. Азаматтардан сақ болып, күмәнді сілтемелер бойынша өтпеулерін сұраймыз, – деп хабарлады компания өкілдері.
Желідегі алаяқтықтың бұл түрі фишинг деп аталады. Қорғалмаған платформаларда сауалнама өткізе отырып, алаяқтар пайдаланушылардың дербес деректерін, оның ішінде төлем карталары туралы ақпаратты, жеке аккаунттардың парольдері мен логиндерін және т.б. иемденеді. Алаяқтардың айла-шарғысына түспеу жолдары туралы біз мұнда егжей-тегжейлі жазған болатынбыз:
Фишингтік сайттарды қалай тануға болады және олар неге қауіпті
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін алаяқтар танымал брендтердің, ірі компаниялар мен банктердің аттарын пайдалана отырып, жалған «ұтыс ойындарын» өткізіп, қолданушылардың жеке деректерін алуға тырысқан болатын.