Фейк: «Адамдарды белгісіз тіршілік иелеріне айналдыру жолы бар»
Әлеуметтік желілерде Ресей Президенті сөз сөйлеп тұрған видеодан үзінді таралды. Онда ол адам ағзасына араласудың шегі бар ма, жоқ па, адамдар қай уақытта өзімен өзі болуды тоқтатып, белгілі бір тіршілік иелеріне айналатыны жайлы ой қозғайды. Кейбір қастандық теорияларын жақтаушылар мұны ұқсас технологиялардың бар екендігінің дәлелі деп ойлайды. Бірақ бұл олай емес.
Қазақстандықтар видео үзіндісіне білдірген пікірлерінде адамдарды белгісіз жандарға айналдыра алатын тетік COVID-19-ға қарсы вакциналар болып табылады деп жазған. Бұған дейін дәл осындай теорияны актриса және вакцинацияға қарсы танымал тұлға Мария Шукшина айтқан болатын.
Кейбір пайдаланушылардың пайымдауынша, жақын арада әлемдер соғысы басталуы тиіс.
Шын мәнінде, Владимир Путиннің сөзі вакциналарға да, COVID-19 пандемиясына да, әлемдер соғысына да қатысты болмаған. Ол техникалық прогресс және онымен байланысты этикалық мәселелер туралы айтқан.
– Технологиялық революция, жасанды интеллект, электроника, коммуникация, генетика, биоинженерия, медицина саласындағы үлкен жетістіктер орасан зор мүмкіндіктер ашады, бірақ олар қолданбалы жоспарда тек фантаст жазушылар ғана ойланып келген философиялық, моральдық, рухани мәселелерді қозғайды. Техника ойлау қабілеті бойынша адамнан асып кетсе не болады? Адам өзімен өзі болуды тоқтатып, басқа тіршілік иесіне айналатындай ағзаға араласудың шегі бар ма? Ғылым мен техниканың мүмкіндіктері іс жүзінде шексіз болатын әлемдегі этикалық шекаралар қайда және бұл әрқайсымыз үшін, ұрпақтарымыз үшін – балаларымыз бен немерелеріміз үшін нені білдіреді? – деді ол.
Бұл мәселелер бұрыннан бар және оларды әлемнің жетекші ғалымдары мен белсенділері бірнеше рет талқылаған.
Гендік инженерияның этикалық мәселелері құпия емес және олар COVID-19 пандемиясының басталуына дейін айтылған және оған ешқандай қатысы жоқ.
Бүгінгі таңда гендік инженерияның ең маңызды этикалық мәселелері қауіпсіздік, қол жетімділік теңдігі, ерікті келісім және т.б. болып саналады.
Дүниежүзілік экономикалық форумның нұсқасы бойынша, жасанды интеллектті күнделікті өмірге енгізуге байланысты тоғыз негізгі этикалық проблема бар. Бұл жұмыссыздық, теңсіздік, «ақылды» машиналардың адамдардың өмірі мен психикалық денсаулығына әсері, техникалық қателіктерден қорғау, жеке деректердің қауіпсіздігі, теріс түсінік, адамдардың машиналарды бақылауы, ЖИ жұмысының жағымсыз әсерлерінен қорғау және робот құқықтары жүйесін ықтимал енгізу.
Бұл проблемалардың кейбіреулері тек теорияда ғана бар, өйткені технологияның даму деңгейі әлі де жоғары емес, мысалы, роботтарды беру туралы ойлану керек. Бұл гендік инженерияға да қатысты. Ғалымдар бұл тақырыпты зерттеп, тәжірибелер жүргізуде. Олар биологиялық ата-аналардың қатысуынсыз адамды «жоқтан» қалыптастыра алмайды. Эмбрионды сау, әдемі, ақылды, жалпы, мінсіз ету үшін гендерді редакциялау да мүмкін емес.
Қорыта айтқанда, РФ Президенті адамдарды белгісіз тіршілік иелеріне айналдырудың белгілі бір технологиясы бар деген қастандық теориясын растаған жоқ. Ол тек ғылыми-техникалық прогресс пен ықтимал этикалық мәселелер туралы ой қозғады.
COVID-19 қарсы вакциналар адам геномын өзгерте алады деген теория ғылыми фактілерге қайшы келетін фейк болып табылады.