Бірінші курс студенттері қашықтан оқиды – Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ
Еуразия ұлттық университетінің WhatsApp пен Telegram-дағы студенттік чаттарында «биыл жоғары оқу орындарының бірінші курс студенттері оффлайн-режимде білім алады» делінген хабарлама таратылда.
«Қыркүйектің 2-26 аралығында оқыту барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, классикалық форматта өтеді, ал екінші және одан жоғары курстар оқуын қашықтан жалғастырады», – делінген таратылған суретте.
Еуразия Ұлттық университетінің баспасөз қызметі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Білім ордасы өкілдерінің хабарлауынша, қашықтан оқыту барлық курстар, соның ішінде бірінші курс үшін де ұйымдастырылады.
«Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 2020 жылғы 4 тамызда Үкімет отырысында мәлім еткендейй, жоғары оқу орындарында оқыту негізінен қашықтан жүргізіледі. Кейбір бағыттар бойынша дәрістер мен семинарлар онлайн-форматта, зертханалық және практикалық сабақтар санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып, дәстүрлі форматта өткізіледі. Еуразиялық ұлттық университеті ҚР БҒМ осы бағыттағы ұсыныстарын мүмкіндігінше ұстанатын болады», – деп жауап берді баспасөз хатшысы Ләйля Рахман.
Бұған дейін білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Instagram-да өткен тікелей эфирде күзгі семестр кезінде колледждер мен жоғары оқу орындары студенттерін оқытуға қатысты түсініктеме берген болатын. Оның айтуынша, оқыту негізінен қашықтан жүргізіледі, ал аралас формат практикалық сабақтарды белсенді өткізуді қажет ететін мамандықтар бойынша ғана енгізіледі.