Фейк: «COVID-19 қарсы вакциналар иммунитетті түсіреді, қан ауруларын тудырады және бедеулікке әкеледі»
Қазақстандықтар танымал Instagram-аккаунттардың бірінде гомеопат-дәрігер Светлана Герасенконың TikTok-тағы парақшасынан алынған бейнеролигімен бөлісуде. Оның айтуынша, COVID-19 қарсы вакциналар қауіпті, өйткені олар иммунитетті түсіріп, қан тамырлары мен қан ауруларының дамуына ықпал етеді, жүрек талмасын тудырады және бедеулікке әкеледі.
Гомеопаттың тезистерін талдап, оларға неге сенуге болмайтынын айтайық.
Алдымен Светлана Герасенко туралы қысқаша айтып берейік. Ол Ресей қайта өрлеу одағының (ОСВР) құрылымдық бөлімшесі болып табылатын тәуелсіз дәрігерлер қауымдастығының белсенді мүшесі. Өз кезегінде, бұл ұйым, Ресейде тыйым салынған «Ерік» («Воля») саяси партиясының орнына құрылған. Ұйымға қатысушылар COVID-19 пандемиясы және осы ауруға қарсы вакциналар туралы бірнеше рет жалған ақпарат таратқан.
Сонымен қатар, Герасенко антибиотиктіз, инъекцияларсыз және гормондарсыз емдеуді насихаттайтын, диеталық қоспаларды белсенді түрде жарнамалайтын және «жедел жағдайды телефон арқылы емдеу» қызметін ұсынатын жеке гомеопатиялық медициналық орталықтың жетекшісі болып табылады.
Светлана Герасенко әлеуметтік желілерде вакцинация туралы кеңестерімен бөліседі. Атап айтқанда, ол былай жазады:
1. Вакциналар иммунитетті едәуір төмендетеді, созылмалы және жедел аурулардың көбеюіне септігін тигізеді.
Бұл өтірік. Бұл тезис антивакцинаторлар арасында тараған қастандық теориясының бөлігі болып табылады. Ол Британдық институт ғалымдары Фрэнсис Криктің дұрыс түсіндірілмеген зерттеуіне негізделген. Еңбектің толық нұсқасы The lancet журналында жарияланған.
«Барлық жарияланған зерттеулер Pfizer вакциналары (және басқалары) SARS-CoV-2-ге қарсы күшті, оң, Т-жасушалық қорғаныс тудыратынын көрсетеді», – деді еңбек авторларының бірі Дэвид Бауэр Associated Press басылымына, зерттеудің вакциналармен иммунитеттің бұзылатыны туралы жорамалды растайтыны туралы қауесетті жоққа шығара отырып.
COVID-19 қарсы вакциналар АИТВ-мен ауыратын науқастарда асқынулар тудырмайды, сонымен қатар осы ауруға қарсы иммунитеттің пайда болуына ықпал етеді. Алайда, зерттеулер көрсеткендей, АИТВ-оң адамдарда иммундық жауап әлсіз болуы мүмкін.
2. Індет кезінде вакцинациялауға болмайды, өйткені препаратты қабылдағанда адам ауырып тұруы мүмкін.
Індет кезінде вакцинациялауға болмайды деген фейкті біз бұған дейін жоққа шығарған болатынбыз. Мұндай мәлімдемелерге ешқандай ғылыми негіз жоқ. Сонымен қатар, тарихта жаппай егу науқандары аурудың өршуін тоқтатуға септігін тигізген жағдайларға мысалдар бар.
Екпе салдырған кезде адамның ауырып тұру ықтималдығы бар екені сөзсіз. Алайда, бұл вакцинаның тиімділігін төмендетпейді. Бұл туралы, мысалы, ДДСҰ сайтында жазылған.
– Иммундау қызметтерін ұсыну кезіндегі кез келген үзіліс, тіпті қысқа мерзімге болса да, қоғамдастықты, әсіресе балаларды ауру жұқтыру қаупіне ұшыратады. ( … ) Вакцинация ауру жұқтырған, бірақ вакцинация кезінде белгісі болмаған немесе вакцинациядан кейін көп ұзамай ауырып қалған балада жұқпалы аурудың ағымына әсер етпейді. Ықтимал инфекция вакцинаның қауіпсіздігіне немесе тиімділігіне де әсер етпейді.
3. Вакцина инфекциядан қорғамайды, одан кейін адамдар қатты ауырады және өледі.
Бұл тұжырым дұрыс емес және қисынсыз. COVID-19-ға қарсы иммундау үшін қолданылатын препараттардың тиімділігі әртүрлі елдерде жүргізіліп жатқан клиникалық сынақтармен және ғылыми зерттеулермен дәлелденген. Мысалы, жаппай егу науқаны басталғаннан кейін Израильде жүргізілген зерттеу вакциналардың тиімділігі екінші дозаны алғаннан кейін жеті күн өткен соң құжатталған ауру жұқтыру жағдайлары үшін 92% және симптомдық COVID-19 үшін 94% құрады. Зерттеу көрсеткендей, вакцина ауру салдарынан ауруханаға жатқызу қаупін 87% және COVID-19 ауыр түрінің даму қаупін 92% төмендетеді.
Егілген адамдар арасында КВИ–мен ауыру жағдайлары сирек кездеседі. АҚШ ауруларды бақылау және алдын алу орталығының мәліметі бойынша, COVID-19 ауыр жағдайда ауырған немесе аурудан қайтыс болған вакцинацияланған пациенттер саны елдегі екпе салдырған адамдардың жалпы санының шамамен 0.0089% құрайды. Вакцинациядан кейінгі болған КВИ-дің ауыр түрімен ауырғандардың немесе қайтыс болғандардың басым бөлігі 65 жастан асқан адамдар.
4. Вакциналар бедеулікке әкеледі
Қандай да болмасын вакцина мен фертильділіктің арасындағы байланыс мүлдем дәлелденбеген, ал вакцинация ұрпақ жалғастыруымен байланысты проблемаларға алып келеді деген фейктер бірнеше рет теріске шығарылды. Көптеген беделді журналдарда және медициналық ұйымдар мен мемлекеттік органдардың ресми сайттарында мұндай ақпаратқа сенуге ешқандай ғылыми негіз жоқ екендігі туралы мақалалар жарияланған. Бұл мифті де біз бұған дейін әшкерелеген едік.
Фейк: COVID-19 қарсы вакциналар әйелдерде түсік тастауға және ерлерде бедеулікке әкелуі мүмкін
5. Вакциналар қан тамырлары мен қан ауруларын тудырады және инфарктқа әкеледі.
Егу науқаны басталғанда вакцина салдырған адамдардың аздаған бөлігінде тромбтардың қалыптасуымен байланысты мәселелер туындады. Бірақ, біріншіден, мұндай жағдайлардың саны өте аз және бұл барлық екпе алғандарға тән емес, екіншіден, ғалымдар мәселені зерттеп, оның пайда болу себептерін талдады. Енді мұндай жағымсыз реакцның алды алынады және вакцинадан кейін туындаған тромбоздар туралы жаңа хабарламалар тіркеліп жатқан жоқ.
Инфарктқа келетін болсақ, олар вакцинацияланған адамдарда COVID-19 жұқтырғандарға қарағанда бірнеше есе аз болады. Зерттеулер иммундауға арналған препараттың инфарктқа әкелу ықтималдығы өте төмен екенін дәлелдейді.
Герасенконың келесі тұжырымы – балаларды вакцинациялау арқылы біз оларды жоғарыда аталған барлық азаптарға душар етеміз. Алайда, жоғарыда айтылғандардың ешқайсысы ғылыми дерек емес, сондай-ақ көптеген ғылыми зерттеулермен және фактілермен жоққа шығарылады.
Демек, ол атап шыққан COVID-19 қарсы вакциналардың «қауіптері» – өтірік және манипуляция. Иммундауға арналған препараттардың тиімділігі дәлелденген, препараттар қауіпсіз және ересектер мен 12 жастан асқан балаларға егуге мақұлданған.