Фейк: «Әлем халқының санын қысқарту орталығы Билл және Мелинда Гейтс қорының қамқорлығымен жұмыс істейді»
Қазнет қолданушылары Билл және Мелинда Гейтс қоры ғимаратының суретін таратуда. Оның қабырғасында Қордың қамқорлығымен жұмыс істейтін Әлем халқының санын қысқарту орталығы орналасқаны туралы жазылған. Бұл жалған.
Фотосурет Желіде биыл сәуір айында кеңінен таралды. Бұл туралы Reuters, PolitiFact, Snopes, Lead Stories және т.б. басылымдар жазды.
Фактчекерлердің пікірінше, «Әлем халқының санын қысқарту орталығының» (Center for global human population reduction – ағылш.) фотосы графикалық редакторларда өңдеудің жемісі. Билл және Мелинда Гейтс қоры ғимаратының қабырғасында мұндай жазудың жоқ екенін Google Maps сервисі арқылы шыққан суреттерден-ақ көруге болады. Қор ғимараты Сиэттл Бесінші авеню, 500 мекен жайы бойынша орналасқан. Суреттерден кіреберісте «Билл және Мелинда Гейтс қоры» (Bill & Melinda Gates Foundation – ағылш.) деп қана жазылғаны көрініп тұр. Басқа ешқандай атаулар жоқ.
Билл және Мелинда Гейтс қорының жыл сайынғы қаржылық есептерінде Әлем халқының санын қысқарту орталығы туралы ештеңе айтылмаған.
Қордың ресми сайтында Center for global human population reduction бойынша іздеу нәтижесінде ештеңе шықпайды.
Билл Гейтстің өзі де, оның жұбайы да осылай аталатын орталықтың бар екендігі жайлы мүлдем айтқан емес. Бұл туралы ешқашан БАҚ-та жазбаған.
Қорыта айтқанда, Билл және Мелинда Гейтс қоры жанында Әлем халқының санын қысқарту орталығы жоқ.
Бұған дейін филантроп планета халқын жоюға тырысқан деп айыпталған болатын. Мұның бәрі қастандық теориялары және негізсіз болжамдар.
Билл Гейтс вакциналау нәтижесінде 700 мың адам зардап шегеді деп айтпаған