Фейк: «ДДСҰ Билл Гейтстің мүддесіне өкілдік етеді, өйткені ол осы ұйымға демеушілік етеді»
Қазақстандықтар мессенджерлерде ел билігін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен барлық байланысты үзуге шақырады. Олардың пікірінше, ДДСҰ бүкіл адамзаттың емес, Билл Гейтстің мүддесіне өкілдік етеді, өйткені ол ұйым бюджетінің басым бөлігін береді. Бұл жалған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы – бұл коммерциялық емес ұйым, оның басты міндеттері медициналық қызмет көрсетумен жаппай қамтуды қамтамасыз ету, халықтың әлеуметтік осал топтарының денсаулығы мен әл-ауқатын жақсарту, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлардан барынша көп адамды қорғау болып табылады.
Ұйым толық қаржылық есептерді ұдайы өзінің ресми сайтында жариялайды.
2020 жылғы есепке сәйкес, Билл және Мелинда Гейтс қоры ұйымға қомақты қаражат бөлген. Алайда, қор ірі демеуші емес, Германия 600 млн доллардан астам қаржы берген. Салыстыру үшін, Билл мен Мелинда Гейтс ДДСҰ-ға 400 млн доллардан кем аударған. Сондай-ақ ірі демеушілер ондығына Сауд Арабиясы, Еуропалық Комиссия, Америка Құрама Штаттары, Ұлыбритания, Жапония, Дүниежүзілік банк және т.б. кірді.
Есеп қосымшасында демеушілердің толық тізімі көрсетілген, оның ішінде қайырымдылықтары ДДСҰ бюджетінің маңызды бөлігін құрайтын ондаған ұйым, университеттер мен қорлар бар.
Сонымен қатар, ДДСҰ сайтында 2021 жылдың екі тоқсанындағы демеушілік көмек туралы соңғы ақпарат жарияланған. Билл және Мелинда Гейтс қоры әлі де болса ең ірі демеушілер қатарында, бірақ қор жарнасының мөлшері, хабарлама авторы айтқандай, ұйымның жалпы бюджетінің бестен бір бөлігін құрамайды. Қордан бөлінетін қаражат көбінесе әлем бойынша полиомиелитке қарсы күреске бағытталады.
ДДСҰ әлемдегі бір адамның ғана мүддесін қорғайтынытуралы болжам негізсіз. Біріншіден, ұйымның мақсаттары бұған қайшы келеді, екіншіден, Билл және Мелинда Гейтс қоры ДДСҰ-ның негізгі қаржыландыру көзі емес.
Бұған дейін біз ДДСҰ – бұл Рокфеллер қоры құрған және Билл Гейтс демеушілік ететін жеке ұйым екендігі туралы фейкті теріске шығарған болатынбыз.