Манипуляция: «ПТР тестілері SARS-CoV-2 вирусын анықтау үшін пайдасыз»
Әлеуметтік желілерде ПТР тестілері вирустың нұсқаларынан туындаған COVID-19 диагнозын қою үшін пайдасыз деген ақпарат тарады. Талдаудың бұл әдісі патогеннің мутациясына әсер етпейді және дұрыс нәтиже бермейді екен. Бұл манипуляция.
Алдымен ПТР тесті қалай жұмыс істейтінін түсіну керек. Бұл талдау әдісімен биоматериал үлгісінде қажетті вирустың РНҚ анықталады, содан кейін нақты нәтиже алу үшін көп мәрте көбейтіледі. Егер биоматериалда вирустың РНҚ болмаса, онда реакция жүрмейді. Бұл процесті австралиялық вирусолог Ян Маккей өзінің Twitter-дегі парақшасында егжей-тегжейлі сипаттаған.
Вирустың нұсқалары – бұл вирустың РНҚ тізбегінің жеке байланыстарында пайда болатын біршама мутацияланған вирустың штаммы, бұл ретте РНҚ-ны тұтастай өзгертпейді. Олар репликация – тірі ағза жасушасында вирустың көп мәрте көбеюі кезінде кездейсоқ қателіктер нәтижесінде пайда болады. Мұндай кішкентай өзгерістер вирустың әрекетіне әсер етуі мүмкін, мысалы, ол жасушаға сәл өзгеше еніп, тезірек көбейіп, адамнан адамға тиімдірек берілуі мүмкін және т.б.
Бұл ретте, түпнұсқа вирустың және оның нұсқаларының РНҚ бірдей болып қалатындықтан, ПТР талдауы мутацияланған патогенді анықтай алады.
Алайда, ПТР талдауы адамның қандай нұсқаны жұқтырғанын көрсетпейді. Мұндай сынақтар тек вирустың барын ғана анықтайды, бұл COVID-19 диагнозын қоюға мүмкіндік береді.
– ПТР тест адамның COVID-19 жұқтырғанын ғана көрсетеді, ол вирустың нұсқасын анықтамайды. Тест вирустың нақты нұсқаларын анықтау үшін аса күрделі емес», – деді Йорк ауруханасының сынақ орталығының кураторы доктор Эрих Фогг, WMTW басылымына.
Науқастың нақты қандай нұсқаны жұқтырғанын білу үшін ғалымдар геномдық секвенирлеу жүргізуі керек. Бұл вирустың белгілі бір мутациясын анықтауға мүмкіндік беретін күрделі талдау әдісі. Ғалымдар вирустың жаңа нұсқаларының таралу қарқыны мен көлемін бақылау үшін осындай талдау жүргізуі тиіс.
Демек, ПТР тестілері вирус нұсқасына қарамастан Sars-CoV-2 болуын анықтай алады. Бұл COVID-19 диагнозын қою үшін жеткілікті. Яғни, ПТР тестілер жаңа мутациялардың таралуы кезінде пайдасыз деп айта алмаймыз.