Фейк: «5G бағанасының үстіндегі графен бұлт видеоға түсіп қалған»
Қазнет қолданушылары аспанда қалыптасқан қара түтін сақиналары көрсетілген видеоны таратуда. Кейбіреулері бұл 5G сигналын тарататын бағананың үстіндегі графен бұлт дейді. Пайдаланушылар мұндай комбинация жаппай қырып-жою қаруы болып табылады деген пікірде. Бұл фейк.
Шын мәнінде, бұл – жарылыс немесе табиғи факторлардың әсерінен болатын түтін сақинасы. Оның графенге және 5G желілеріне ешқандай қатысы жоқ. Аспандағы осындай қара түтін сақиналары бұған дейін әлемнің көп бөлігінде байқалған. 2018 жылы Ресейдің Красноярск қаласында, 2015 жылы – Қазақстанда Шортанды кентінде, 2020 жылы қара түтін сақиналары Пәкістанда, 2017 жылы Англияда Йоркширде камераға түсірілген.
Ерекше құбылысты кейде белгі ретінде сипаттаған, қара түтін сақинасы Жердің Нибиру планетасына жақындауының дәлелі болып табылады деп айтқан, бірақ бұл планетаның бар екендігі дәлелденбеген және бұл аңыз деп саналды. Бүгінде COVID-19 пандемиясы және 5G желілері туралы қастандық теориялары кеңінен тараған кезде, пайдаланушылар түтін сақиналарының пайда болуын нақ осы жағдаймен байланыстырған.
Алайда, аспандағы жұмбақ сақиналардың жай түтін екендігін және жарылыс нәтижесінде пайда болатынын 2008 жылы Burning Man фестивалінде түсірілген бейне дәлелдейді. Кадрларда ер адам өз үйінде ұшында сақинасы бар зеңбіректі майлайды, кадр сыртындағы дауыс оның глицерин екендігін айтады, содан кейін зеңбіректі жағып, атады. Нәтижесінде көкке қара түтін сақиналары көтеріледі, ол биіктеген сайын ол айқындала түседі, кейін тарап кетеді.
Кейде аспандағы қара түтін сақиналары отшашудың нәтижесінде пайда болады. Мәселен, мұндай жағдай 2015 жылы Аргентинада болған. Буэнос-Айресте өткен шоудан кейін қала тұрғындары аспанда қалыптасқан түтін сақинасын байқаған, ол көкжиекте бірнеше минут тұріп, тараған.
2018 жылы Чикагода трансформатордың жарылуынан аспанда қара түтін сақинасы қалыптасқан.
Демек, аспандағы түтін сақиналары графен бұлттар емес және олардың 5G желілеріне қатысы жоқ. Бұған растаулар көп.