Жалған: «Індет тараған кезде жаппай вакцинация ешқашан жүргізілмеген»
Әлеуметтік желілерде медициналық университеттердің бұрынғы оқытушысы кеңес заманында жаппай вакцинация әрдайым ауру таралғанға дейін жүргізілген, вакцина өндірісінде тек «тірі» вирус қана қолданылған және қазіргі вакциналар «гендік аппаратқа» әсер етеді деп мәлімдеген видео тарады. StopFake.kz Қоғамдық денсаулық сақтау медицина ғылымдарының магистрі, «Қарағанды медицина университеті» КЕАҚ PhD докторанты Жұлдыз Қуанышпен бірге осы және басқа да мәлімдемелерді талқылады.
Видео басында 81 жастағы Людмила Ивановна Носова өзінің эпидемиолог, ғылым кандидаты және доцент екенін айтады, 1966 жылы медуниверситетті бітіріп, өмір бойы Қарағанды және Ақтөбе университеттерінде жұмыс істеген. Ол өз сөзінде былай дейді: «Кеңес заманында бұл (вакцинация, – ред.) ауру тараған кезде емес, иммунитет қалыптастыру үшін ауру басталмай тұрып жасалған».
Жұлдыз Қуаныш: «Бұл мәлімдемені жоққа шығарғым келеді, өйткені сырқаттанушылық деңгейі артқан кезде эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша вакцинациялау өте маңызды. Медицинада тарихта қалған көптеген аурулар (мысалы, табиғи шешек) бар. Оларды вакцинацияның арқасында жеңген. Бұл ауруларға қарсы вакцинация да науқастар саны өскен кезде жүргізілді».
Ролик кейіпкері вакциналар тез арада әзірленгендіктен, оларға күмәнмен қарайды: «Вакцина тиімді болуы үшін Пастер институты вакцинаны жаппай өндіріске жібермес бұрын 3-5 жыл зерттеген».
«Covid-19 вакциналары қысқа мерзімде әзірленгеніне қатысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) түсініктеме берді. Әдетте вакцина жасау бірнеше жылға созылады, бірақ коронавирустық инфекция жағдайында үкіметтер мен компаниялар шұғыл қажеттілікке байланысты оны әзірлеуге көп қаржы жұмсады. Вакцинаның ғылыми зерттеулері мен тәжірибелік әзірлемелері, қауіпсіздіктің жоғары деңгейін және клиникалық стандарттарға сәйкестігін сақтай отырып қатар жүргізілді. Мұның бәрі вакциналарды жасау процесін тездетуге көмектесті. Зерттеу мен әзірлеудің барлық кезеңдері сақталды», – дейді медицина ғылымдарының магистрі Жұлдыз Қуаныш.
«Кеңес заманында басқа вакциналар болды, тірі табиғи микроб, вирус және т.б.. Ал қазіргі кезде қолдан жасалған бөлшек алынып, соны егеді, ол иммундық жүйеге емес, гендік аппаратқа әсер етеді», – дейді видео кейіпкері.
«Антигендік материалдың түрі бойынша вакциналар үш түрге жіктеледі: тірі, өлтірілген (белсенді емес), суббірлікті. Бұл жіктеу кеңес заманында да болған, оны КСРО кезіндегі ғылыми басылымдар мен кітаптардан білуге болады. Мысалы, полиомиелитке қарсы белсенді емес вакцинаны 1952 жылы Питтсбург университетінің өкілі Джонас Солк жасаған. Демек, өлтірілген вакциналар сол кездері де әзірленген және пайдаланылған.
Қазақстанда COVID-19-ға қарсы бірнеше вакцина қолданылуда. Бұл қазақстандық QazVac, ресейлік «Спутник V», қытайлық Hayat-Vax және CoronaVac.
Hayat – Vax және CoronaVac – қытайлық Sinovac Biotech компаниясы және Бейжіңдегі Sinopharm биологиялық өнімдер институты әзірлеген белсенді емес вакциналар. «Спутник V» – бұл Гамалея атындағы Ресей ұлттық эпидемиология және микробиология ғылыми-зерттеу орталығы жасаған векторлық вакцина. QazVac – Қазақстанның Білім және ғылым министрлігінің Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты әзірлеген белсенділігі жойылған вакцина», – деп түсіндірді сарапшы.
Вакциналар гендік терапия құралы болып табылады деген теорияларды әртүрлі елдердің сарапшылары мен фактчекерлері бірнеше рет жоққа шығарды.
Дәлелсіз: «COVID-19 қарсы вакциналардың барлығының нақты атауы – «бақыланатын гендік терапия»
Moderna және Pfizer-BioNTech вакциналарында жаңа технология – матрицалық РНҚ фрагменті (мРНҚ) қолданылады, ол ағзаға COVID-19-ға қарсы иммундық жауап қалыптастыруға нұсқау береді. мРНҚ мен ДНҚ арасында айтарлықтай айырмашылық бар.
Біздің генетикалық кодты құрайтын ДНҚ көлемі жағынан үлкендеу, екі тізбекті және өте ұзын. мРНҚ – ДНҚ-ның кішкене бөлігінің бір тізбекті көшірмесі, ол көбінесе жасушаның басқа бөліктеріне нұсқаулар жіберу үшін алынады.
ДНҚ жасушалардың қорғалған ортасында – ядрода сақталады. мРНҚ ағзада тез ыдырайды, ешқашан ядроға енбейді және генетикалық кодты өзгерту үшін ДНҚ-ға әсер ете алмайды немесе онымен бірікпейді.
Оның орнына, COVID-19 қарсы мРНҚ вакциналары жасушаға COVID-19-ға тән иммундық реакция тудыратын ақуыз шығаруды үйретеді. Вакциналар ауруға қарсы иммунитет қалыптастырып, дененің табиғи қорғанысымен жұмыс істейді.
Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда Moderna және Pfizer-BioNTech РНҚ (мРНҚ) вакциналары пайдаланылмайды.