Баянауыл курорты карантинге жабылмайды
StopFake.kz редакциясына хабарласқан оқырман «Баянауыл курорты карантинге жабылатыны рас па?» деп сұрады. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті бұл қауесетті жоққа шығарды.
Қазіргі уақытта курорт демалушылар үшін ашық. Демалыс аймақтары мен жағажайлар барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып жұмыс істейді.
Қазақстандықтардың сүйікті демалыс орны аумағына карантин енгізу жоспарланып отырған жоқ.
– Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Павлодар облысының Баянауыл ауданы коронавирус инфекциясының таралу қарқыны бойынша «жасыл» аймақта орналасқан. Бүгінгі таңда облыста эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Бұған қарамастан, барлық азаматтарды ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің барлық санитарлық талаптарын сақтауға шақырамын, – деді санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев.
Баршаңызды тек ресми ақпаратқа ғана сенуге шақырамыз! Жаңалықтың шынайылығын біздің порталдың көмегімен тексеруге болады. Өзіңізді қызықтырған ақпаратты t.me/stopfake_kz Telegram-арнасына немесе +7 707 739 5599 WhatsApp нөміріне жіберіңіз.