Манипуляция: «Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы зомби апокалипсисіне дайындалуға шақырады»
Қазнет пайдаланушылары АҚШ Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) сайтындағы блогтан зомби апокалипсисіне дайындалуға үндейтін ескі жазбаларды тапқан. Кейбіреулер мұны COVID-19 қарсы вакцина адамдарды тірі өліктерге айналдырады деген теориямен байланыстырады. Бұл жалған.
CDC сайтындағы блогтағы Али С.Ханның посты 2011 жылғы 16 мамырда жарияланған. Ол «101 дайындық: Зомби Апокалипсі» деп аталады. Бірінші абзацта автор былай деп жазады: «Қазір күліп отырған шығарсыз, бірақ бұл орын алған кезде сіз осыны оқығаныңызға қуанасыз. Бәлкім, нағыз төтенше жағдайға қалай дайындалу керектігі туралы бірнеше жайтты да білетін боларсыз». Сондай-ақ, мәтінде зомби апокалипсисі қаупі ойдан шығарылғаны және шынайы өмірде болуы мүмкін емес екендігі бірнеше рет айтылады, бірақ ойдан шығарылған бұл мысалда нақты төтенше жағдай орын алған кезде қалай әрекет ету керектігі жайлы ақпарат берілген.
Бұл пост – CDC Zombie Task Force бағдарламасының бір бөлігі. Оның мақсаты адамдарды өрт, су тасқыны, жер сілкінісі және т.б. сияқты төтенше жағдайларға дайындалуға үйрету болды. Науқан барысында ерікті түрде жасалған қайырымдылық қабылданды, фирмалық футболкалар мен аксессуарлар, соның ішінде ТЖ жиынтықтары сатылды. Ал бұдан түскен қаражат та, қайырымдылық та төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендерге көмек көрсету қорына жіберілді. Қазіргі кезде бағдарлама тоқтап тұр, ол 2012 жылы жабылды.
Науқанның COVID-19 пандемиясына немесе індетке қарсы вакциналарға ешқандай қатысы жоқ. Оның қоздырғышы, SARS-CoV-2 вирусы 2019 жылдың соңында ғана табылды, сәйкесінше, осы уақытқа дейін бұл ауру адамзатқа белгісіз болды.
Бұған дейін біз COVID-19 вакциналары адамдардың ДНҚ өзгертіп, зомбиге айналдырады деген теорияны жоққа шығарған болатынбыз. Біріншіден, вакциналардың ДНҚ-ға араласу қасиеті жоқ, екіншіден, зомби – бұл ойдан шығарылған тіршілік иелері, шынайы өмірде олар жоқ және болуы мүмкін емес. Бүгінгі таңда әлем бойынша шамамен 307 миллион адам вакцинацияланды. Олардың ешқайсысы зомбиге айналған жоқ және бірде-бір адамның ДНҚ құрылымында өзгерістер тіркелмеген.