Медициналық фейктер

Жалған: «Балаларға вакцинасы салынатын аурулар қауіпті емес»

Желі қолданушылары балаларға вакцинасы салынатын аурулардың ауырлығына күмән келтіруде. Дәрігер-офтальмолог Мұрат Каде сіреспе, туберкулез, Б гепатиті және полиомиелит өздігінен өтетін және ағзаға зиян тигізбейтін жеңіл аурулар деген теорияны алға тартты. Оның жорамалдары манипуляция болып табылады.

Дәрігер Мұрат Каде Кубан мемлекеттік медицина университетін бітірген, содан кейін жалпы хирургия және офтальмология саласында қызмет еткен. «Нутрициология» мамандығы бойынша кәсіби қайта даярлықтан өткен және қазіргі кезде Чехияда Zdraví bez limitu емдеу орталығында жұмыс істеуде. Орталықтың ресми сайтында сипатталған қызметтерге сәйкес, ол санаторий-профилакторий болып табылады. Онда келушілерге арналған жайлы бөлмелер бар, ал таңғы ас көбінесе тұру құнына кіреді. Орталық қызметкерлері баламалы емдеу әдістерін қолдайды және пациенттерге түрлі техникада массаж жасауды, ББҚ ассортиментін ұсынады. Сонымен қатар Мұрат Каде – «Вегандық және денсаулық. Дәрігерлер не туралы айтпайды…» кітабының авторы. Енді ол көптеген елдерде, соның ішінде Қазақстанда міндетті болып табылатын вакциналарды сынға алуда.
Оның айтуынша, полиомиелит көп жағдайда симптомсыз немесе жойылған түрде болады, ал сал ауруы пациенттердің тек 1% ғана кездеседі. Алайда, ДДСҰ сайтында басқаша айтылған. Ұйымның мәліметінше, қайтымсыз паралич 200 жағдайдың бірінде дамиды. Тыныс алу бұлшықеттері қозғалуды тоқтататындықтан сал болған науқастардың 5-10% көз жұмады. Негізінен, бұл бес жасқа дейінгі балалар. Вакцинацияның арқасында 1988 жылдан 2018 жылға дейін полиомиелитпен ауыру жағдайлары 99% төмендеген.
Мұрат Каде, вакцина алғаннан гөрі онымен ауырған жақсы деген қызылшадан 2017 жылы бес жасқа дейінгі 110 000 бала көз жұмған. 2000-2016 жылдар аралығында қызылшаға қарсы вакцина шамамен 20,4 миллион адамның өмірін сақтап қалды. Вакцина әзірленгенге дейін әр 2-3 жыл сайын қызылша ауруының өршуінен шамамен 2,6 миллион адам қайтыс болатын.
Мұрат Каденің пікірінше, туберкулез көп жағдайда мүлдем қауіпті емес, ал БЦЖ вакцинасы тиімсіз және дамыған елдерде қолданылмайды. ДДСҰ мәліметтері бойынша, туберкулез, керісінше, аса қауіпті. Ол әлем бойынша өлімнің негізгі 10 себебінің бірі. 2019 жылдың өзінде бұл аурудан 1,4 миллион адам жан тәсілім еткен. Вакцинацияның арқасында әлемде туберкулезді жұқтыру пайызы жыл сайын төмендеп келеді. БЦЖ вакцинасы – туберкулезге қарсы жалғыз вакцина. Әр түрлі мәліметтер бойынша оның тиімділігі 50-80% құрайды. Ол Еуропалық одақтың барлық 28 елінде қолданылады, оның ішінде жеті мемлекетте барлық балаларға екпе жасалады.
Мұрат Каде тоқталған тағы бір «жеңіл» ауру – дифтерия. Ол мойынның ісінуін тудырады және жүрек бұлшықеттерінің қабынуы мен зақымдалуы, нервтердің қабынуы, бүйрек қызметінің бұзылуы және қан тромбоциттерінің төмендеуі аясында қан кетуге әкелуі мүмкін. Жүрек бұлшықеттерінің зақымдануы жүрек ырғағының бұзылуына, ал нервтердің қабынуы параличке соқтыруы ықтимал.
Мұрат Каде жеңіл өтетін және вакцина салдыруды қажет етпейтін аурулар қатарында сіреспені де атап өтеді. Оның айтуынша, сіреспе тек терең жаралар болғанда ғана жұғуы мүмкін, сондықтан жай ғана ауыр жарақаттардан аулақ болу керек, ал бұл мүмкін болмаған жағдайда, сіреспе анатоксинін шұғыл түрде егу керек. Бұл тұжырым қарама-қайшы, өйткені анатоксин сіреспеге қарсы вакциналардың құрамында болады және оны қайғылы жағдай орын алғанға дейін алуға болады. Сонымен қатар, көп жағдайда әйелдер мен жаңа туған нәрестелер босану кезінде сіреспе ауруын жұқтырады. Автор мұны болдырмау жолдарын айтпайды. 2015 жылы шамамен 34000 сәби сіреспеден көз жұмған. 1988-2015 жылдары вакцинацияның арқасында ауру салдарынан болатын өлім-жітім 96%-ға төмендеді. 
Мұрат Каденің тізіміндегі келесі ауру – паротит. Оған көбінесе бес жастан тоғыз жасқа дейінгі балалар шалдығады. Бірақ ересектер де ауруы мүмкін. Ықтимал асқынулар қатарында менингит (15% жағдайға дейін), орхит және кереңдік бар. Кейбір жағдайларда індетті паротит энцефалитке және созылмалы неврологиялық ауруға әкелуі мүмкін.
Б гепатиті. Мұрат Каде балалар онымен ауырмайды деп санайды, өйткені ауру тек жыныстық жолмен және «нашақордың инесі» арқылы ғана жұғады. Ал ересектер 95% жағдайда өздігінен жазылып кетеді. ДДСҰ ресми сайтында басқа деректер ұсынылған. Біріншіден, вирус көбінесе перинаталды жолмен анадан балаға, сондай-ақ жұқтырған адамның қанымен немесе басқа биологиялық сұйықтықтармен байланыста болу арқылы беріледі. Сонымен қатар, созылмалы Б гепатиті ауру жұқтырғандардың 5% кемінде ересек кезде және ауру жұқтырғандардың 95%-ында нәресте және бала кезде дамиды. Екіншіден, тек 2015 жылы Б гепатитінен 887 000 адам қайтыс болды, бұл негізінен бауыр циррозының гепатиті және гепатоцеллюлярлық карцинома (бауырдың бастапқы қатерлі ісігі) салдарынан орын алған.
Тізім қызамықпен аяқталады. Офтальмологтың айтуынша, бұл «балалар үшін қауіпті емес, жеңіл ауру». Алайда, ересектер үшін қызамық қауіпті, ал жүктілік кезінде 90% жағдайда ұрықтың өліміне немесе туа біткен ақауларға әкелуі мүмкін. Ауру анадан туылған балаларда «туа біткен қызамық синдромы» дамуы мүмкін, соның салдарынан есту қабілетінің бұзылуы, көз кемшіліктері, жүрек ақаулары және өмір бойы мүгедектіктің басқа түрлерін, соның ішінде аутизм, қант диабеті және қалқанша безінің дисфункциясы орын алуы ықтимал. Бұл жағдайлардың басым бөлігінде қымбат терапия, хирургия және басқа да медициналық көмек қажет. Қызамыққа қарсы дәрі жоқ. Оның алдын алудың жалғыз тиімді жолы вакцинация болып табылады.
Қорыта айтқанда, Мурат Каде тізімде көрсеткен аурулардың ешқайсысы жеңіл немесе қауіпсіз емес. Олардың әрқайсысына қарсы тиімді және қауіпсіз вакциналар әзірленіп, ондаған жылдар бойы қолданылып келеді.

 

Фейктерді әшкерелеу біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.

Басқа жаңалықтар

Back to top button